Хадис

Кутуб ситтә, № 813

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
105. «Уақиға» сүресі
Нөмірі
№ 813 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
813
Кутуб ситтә, № 813 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَتَجْعَلُونَ رِزْقَكُمْ أَنَّكُمْ تُكَذِّبُونَ﴾ قَالَ ﷺ: «شُكْرُكُمْ، تَقُولُونَ مُطِرْنَا بِنَوْءِ كَذَا وَكَذَا، وَبِنَجْمِ كَذَا وَكَذَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Али (р.а.) ﴿وَتَجْعَلُونَ رِزْقَكُمْ أَنَّكُمْ تُكَذِّبُونَ﴾ «Сонда сендер үшін баға жетпес нығмет болған осынау Кітаптан алар нәсіптерің оны жалғанға шығару болды ма?!»1 деген аятқа қатысты Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін риуаят еткен: «Аллаға шүкір айтудың орнына: “Пәлен-пәлен жұлдыздың батуы немесе пәлен-пәлен жұлдыздың тууы арқасында жаңбыр жауды”, – дейсіңдер».2

Түсіндірме

Хадис мәтінінде жазылған «нәу» сөзі «туу, шығу, тұру» секілді мағыналарды білдіреді. «Туған жұлдыз» деген мағынада да қолданылған. Бұл мәтінде «жұлдыз» мағынасын білдіретін «нәжм» және «нәу» сөздері бір сөйлемнің ішінде қолданылғандықтан, «нәу» сөзі «жұлдыздың туылуы» деп аударылды. Жәһилият дәуіріндегі жұлдызжорамал бойынша, бір жыл ішіндегі туатын орны мен уақыты белгілі жиырма сегіз жұлдыз бар еді. Олардың әрқайсысы Айдың жиырма сегіз түрлі орнын құрап, мәнзилатул-қамар (Айдың орындары) деп аталған. Әрбір он үш түнде олардан бір жұлдыз таң атқанда батып, орнына дәл сол мезетте шығыс жақтан басқа біреуі туады. Міне, жәһилият дәуіріндегі адамдар осы мезетте жаңбыр жауатын болса, олардың батқанымен байланыстырып, содан деп түсінетін. Кейбір риуаяттарда батқаны емес шыққан жұлдызбен байланыстырғаны айтылған.

  1. 1«Уақиға» сүресі, 82-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Уақиға» (№3295; Жанан басылымында №3291).