عَنْ مَعْقِلٍ بْنِ يَسَارِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ قَالَ حِينَ يُصْبِحُ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ: أَعُوذُ بِاللَّهِ السَّمِيعِ الْعَلِيمِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ؛ وَقَرَأَ ثَلَاثَ آيَاتٍ مِنْ آخِرِ سُورَةِ الْحَشْرِ وَكَّلَ اللَّهُ تَعَالَى بِهِ سَبْعِينَ أَلْفِ مَلَكٍ يُصَلُّونَ عَلَيْهِ حَتَّى يُمْسِيَ وَإِنْ مَاتَ فِي يَوْمِهِ مَاتَ شَهِيدًا، وَمَنْ قَرَأَهَا حِينَ يُمْسِى فَكَذَلِكَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.
Мағқил ибн Ясар (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізген: «Кім таңертең үш рет “Қуылған шайтаннан сақтай гөр деп, бәрін естуші, бәрін білуші Аллаға сиынамын” деп, “Хашр” сүресінің соңғы үш аятын оқыса, Алла оған кешке дейін дұға ететін жетпіс мың періште тағайындайды. Сол күні дүние салса, шейіт болып өтеді. Кешке осылай оқығанға да сондай мәртебе беріледі».1
Түсіндірме
Бұл жерде таңғы және кешкі уақыттарда оқылуы ұсынылған «Хашр» сүресінің үш аяты – هُوَ اللَّهُ الَّذِي деп басталатын соңғы үш аят. Аудармасы:
«Ол – Өзінен басқа тәңір болмаған жалғыз Алла. Ғайыпты да, жарияны да толық білуші. Ол Рахман (күллі жаратылысқа рақымды), Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді).
Ол – Өзінен басқа тәңір болмаған жалғыз Алла. Мәлик (шексіз билік иесі), Қуддус (Өзі қандай мінсіз әрі пәк болса, күллі ғаламды да әрдайым кіршіксіз таза ұстаушы), Сәләм (есендік пен бейбітшілік кепілі), Му’мин (күмән мен үрейден арылтып, жүректерге иман нұрын ұялатушы), Муһәймин (күллі жаратылысты бақылауында ұстаушы һәм қорғаушы), Азиз (ұлы һәм үстем), Жәббар (күллі болмысты Өзіне бойсұндырушы, зұлымдық атаулыны жойып, әділдік орнатушы), Мүтәкәббир (ұлылығын паш етуге толық құқылы болған теңдесі жоқ ұлылық иесі). Алла олардың (мүшріктердің) Өзіне серік етіп қосқандарынан және серік қосуынан мүлдем аулақ.
Алла – Халиқ (бәрін жоқтан жаратқан жалғыз Жаратушы), Бәри (жаратуда ешкіммен ортақтас та, серіктес те болмайтын мінсіз Жаратушы), Мусаууир (әр жаратылысқа өзіне сай әрі жарасымды кескін-келбет беріп, бейнелеуші). Ең көркем есімдер бір Өзіне ғана тән. Күллі аспан әлеміндегі мен жердегінің бәрі Оған: «(Сен – мінсізсің. Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік һәм ең көркем есімдер мен теңдессіз қасиеттер бір Өзіңе ғана тән – деп), үнемі мадақ жаудырады! Ол – Азиз (ұлы һәм үстем), Хаким (әр үкімі мен әр ісінде көптеген хикметтер болған асқан дана)».2