Хадис

«Хашр» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 108-тарау · 7 хадис · № 821–827

Хадистер

821
Кутуб ситтә, № 821 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Мағқил ибн Ясар (р.а.)

عَنْ مَعْقِلٍ بْنِ يَسَارِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ قَالَ حِينَ يُصْبِحُ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ: أَعُوذُ بِاللَّهِ السَّمِيعِ الْعَلِيمِ مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ؛ وَقَرَأَ ثَلَاثَ آيَاتٍ مِنْ آخِرِ سُورَةِ الْحَشْرِ وَكَّلَ اللَّهُ تَعَالَى بِهِ سَبْعِينَ أَلْفِ مَلَكٍ يُصَلُّونَ عَلَيْهِ حَتَّى يُمْسِيَ وَإِنْ مَاتَ فِي يَوْمِهِ مَاتَ شَهِيدًا، وَمَنْ قَرَأَهَا حِينَ يُمْسِى فَكَذَلِكَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Мағқил ибн Ясар (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізген: «Кім таңертең үш рет “Қуылған шайтаннан сақтай гөр деп, бәрін естуші, бәрін білуші Аллаға сиынамын” деп, “Хашр” сүресінің соңғы үш аятын оқыса, Алла оған кешке дейін дұға ететін жетпіс мың періште тағайындайды. Сол күні дүние салса, шейіт болып өтеді. Кешке осылай оқығанға да сондай мәртебе беріледі».1

Түсіндірме

Бұл жерде таңғы және кешкі уақыттарда оқылуы ұсынылған «Хашр» сүресінің үш аяты – هُوَ اللَّهُ الَّذِي деп басталатын соңғы үш аят. Аудармасы:

«Ол – Өзінен басқа тәңір болмаған жалғыз Алла. Ғайыпты да, жарияны да толық білуші. Ол Рахман (күллі жаратылысқа рақымды), Рахим (әсіресе, мүмін құлдарына ерекше мейірімді).

Ол – Өзінен басқа тәңір болмаған жалғыз Алла. Мәлик (шексіз билік иесі), Қуддус (Өзі қандай мінсіз әрі пәк болса, күллі ғаламды да әрдайым кіршіксіз таза ұстаушы), Сәләм (есендік пен бейбітшілік кепілі), Му’мин (күмән мен үрейден арылтып, жүректерге иман нұрын ұялатушы), Муһәймин (күллі жаратылысты бақылауында ұстаушы һәм қорғаушы), Азиз (ұлы һәм үстем), Жәббар (күллі болмысты Өзіне бойсұндырушы, зұлымдық атаулыны жойып, әділдік орнатушы), Мүтәкәббир (ұлылығын паш етуге толық құқылы болған теңдесі жоқ ұлылық иесі). Алла олардың (мүшріктердің) Өзіне серік етіп қосқандарынан және серік қосуынан мүлдем аулақ.

Алла – Халиқ (бәрін жоқтан жаратқан жалғыз Жаратушы), Бәри (жаратуда ешкіммен ортақтас та, серіктес те болмайтын мінсіз Жаратушы), Мусаууир (әр жаратылысқа өзіне сай әрі жарасымды кескін-келбет беріп, бейнелеуші). Ең көркем есімдер бір Өзіне ғана тән. Күллі аспан әлеміндегі мен жердегінің бәрі Оған: «(Сен – мінсізсің. Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік һәм ең көркем есімдер мен теңдессіз қасиеттер бір Өзіңе ғана тән – деп), үнемі мадақ жаудырады! Ол – Азиз (ұлы һәм үстем), Хаким (әр үкімі мен әр ісінде көптеген хикметтер болған асқан дана)».2

  1. 1Тирмизи, «Құранның артықшылықтары» (№2922; Жанан басылымында №2923).
  2. 2«Хашр» сүресі, 22–24-аят.
822
Кутуб ситтә, № 822 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «حَرَّقَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ نَخْلَ بَنِي النَّضِيرِ وَقَطَّعَ، وَهِيَ الْبُوَيْرَةُ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿مَا قَطَعْتُمْ مِنْ لِينَةٍ﴾ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Надир әулетінің Буәйрадағы құрма ағаштарын кестіріп, өртетті. Осы оқиғаға байланысты ﴿مَا قَطَعْتُم مِّن لِّينَةٍ أَوْ تَرَكْتُمُوهَا قَآئِمَةً عَلَىٰٓ أُصُولِهَا فَبِإِذْنِ ٱللَّهِ وَلِيُخْزِىَ ٱلْفَٰسِقِينَ﴾ “Қандай да бір құрма ағашын кескен болсаңдар да, яки кеспей-ақ өз діңінде тік өсіп тұрған күйінде қалдырсаңдар да, мұның бәрі Алланың рұқсатымен әрі тура жолдан тайған күнәһарларды қорлау үшін еді”1 деген аят түсірілді».2

Түсіндірме

Аталмыш оқиға Ухуд соғысынан алты айдай уақыттан кейін Надирұлдары яһудилеріне қарсы жасалған жорық кезінде орын алды. Олар қорғандарына тығылып қоршалған кезде, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) яһудилердің құтын қашыру үшін, әрі сол арқылы бейбіт келісімге тезірек келтіру үшін, Буәйра деген жердегі құрма ағаштарын өртеуді және егіндерін жайпауды бұйырады.

Кәпірлер: «Уа, Мұхаммед, сен бізді жер жүзінде бүлік шығарудан тыясың. Алайда өзің соны жасап жатырсың, бұл құрмаларды өртеуіңді қалай түсінеміз?!» – деді. Осындай алып-қашпа сөздер мүминдерге де күмән туғыза бастады. Кейбіреулері бұйрықты толық орындады, ал біреулері керексіз ағаштарды шауып жатты. Міне, аят осы жағдайға байланысты түсті.

Осылайша мүминдерге бұл істің Алланың қалауымен болып жатқанын, бүлік шығару үшін емес, пасықтардың жеңілуін тездету үшін жасалып жатқанын білдірді.

Аятта «құрма ағашы» деп аударылған сөздің арабшасы – «лина». Көпшілігі оны сапалы ажуа құрмасынан өзге құрма түрлеріне қатысты деп түсінген. Тәпсіршілер мен тіл мамандары сөздің түбірі жөнінде әртүрлі пікір айтқан.

  1. 1«Хашр» сүресі, 5-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Хашр», 2 (№4884), «Мағази» (№4031); Мүслим, «Жиһад» (№1746a–c); Тирмизи, «Тәпсір», «Хашр» (№3302; Жанан басылымында №3298); Әбу Дәуіт, «Жиһад» (№2615).
823
Кутуб ситтә, № 823 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَزَلَ قَوْلُهُ تَعَالَى: يُخْرِبُونَ بُيُوتَهُمْ بِأَيْدِيهِمْ فِي الْيَهُودِ حِينَ أَجْلَاهُمْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَلَى أَنَّ لَهُمْ مَا أَقَلَّتْ إِبِلُهُمْ مِنْ أَمْتِعَتِهِمْ وَكَانُوا يُخْرِبُونَ الْبَيْتَ عَنْ عَتَبَتِهِ وَبَابِهِ وَخَشَبِهِ، وَكَانَتْ نَخِيلُ بَنِى النَّضِيرِ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ خَاصَّةً خَصَّهُ اللَّهُ تَعَالَى بِهَا». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Кәғб (р.а.) былай дейді: ﴿هُوَ ٱلَّذِىٓ أَخْرَجَ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ مِنْ أَهْلِ ٱلْكِتَٰبِ مِن دِيَٰرِهِمْ لِأَوَّلِ ٱلْحَشْرِ مَا ظَنَنتُمْ أَن يَخْرُجُوا۟ وَظَنُّوٓا۟ أَنَّهُم مَّانِعَتُهُمْ حُصُونُهُم مِّنَ ٱللَّهِ فَأَتَىٰهُمُ ٱللَّهُ مِنْ حَيْثُ لَمْ يَحْتَسِبُوا۟ وَقَذَفَ فِى قُلُوبِهِمُ ٱلرُّعْبَ يُخْرِبُونَ بُيُوتَهُم بِأَيْدِيهِمْ وَأَيْدِى ٱلْمُؤْمِنِينَ فَٱعْتَبِرُوا۟ يَٰٓأُو۟لِى ٱلْأَبْصَٰرِ﴾ «Ол Алла кітап иелерінен күпірлік қылғандарды қуғын-сүргінге ұшырату үшін алғаш рет бірін қалдырмай бір араға жинап, мекендерінен шығарды. Сендер оларды дәл солай шығады деп ойламаған едіңдер. Олар да бекінген қорғандары өздерін Алланың қаһарынан қорғайды деп ойлады. Алайда Алла оларға күтпеген жерден келіп, жүректеріне үрей салды. Тіпті үй-жайларын өз қолдарымен қирата бастады және мүміндердің қиратқанына да қарсы тұра алмады. Уа, ақыл иелері, міне, бұдан ғибрат алыңдар!»1 деген аят Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тарапынан Мәдинадан қуылған яһудилер жайлы түсті. Алла елшісі оларға (қару-жарақтан басқа) тек түйелері көтере алатын мүліктерін ғана алып кетулеріне рұқсат берді. Олар үйлерінің табалдырығын, есігін және ағаштарын бұзып алып кетті. Надир әулетінің құрма бағы Алла елшісіне айрықша тиесілі еді. Оны Алла Тағала оған нәсіп еткен».2

  1. 1«Хашр» сүресі, 2-аят.
  2. 2Рәзин қосқан риуаят. Мазмұндас кең нұсқасын Әбу Дәуіт жеткізген («Хараж», 23, №3004).
824
Кутуб ситтә, № 824 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «فَمَا أَوْجَفْتُمْ عَلَيْهِ مِنْ خَيْلٍ وَلَا رِكَابٍ. قَالَ: صَالَحَ النَّبِيُّ ﷺ أَهْلَ فَدَكَ وَقُرًى قَدْ سَمَّاهَا لَا أَحْفَظُهَا وَهُوَ مُحَاصِرٌ قَوْمًا آخَرِينَ. فَأَرْسَلُوا إِلَيْهِ لِلصُّلْحِ قَالَ: فَمَا أَوْجَفْتُمْ عَلَيْهِ مِنْ خَيْلٍ وَلَا رِكَابٍ، وَكَانَ يَقُولُ بِغَيْرِ قِتَالٍ، قَالَ الزُّهْرِىُّ رَحِمَهُ اللَّهُ: وَكَانَتْ بَنُو النَّضِيرِ لِلنَّبِىِّ ﷺ خَالِصًا لَمْ يَفْتَحُوهَا عَنْوَةً فَفَتَحُوهَا عَلَى صُلْحٍ فَقَسَّمَهَا النَّبِىُّ ﷺ بَيْنَ الْمُهَاجِرِينَ لَمْ يُعْطِ الْأَنْصَارَ مِنْهَا شَيْئًا إِلَّا رَجُلَيْنِ كَانَتْ بِهِمَا حَاجَةٌ».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.): «Ал Алланың олардан соғыссыз-ақ алып, расулына нәсіп еткен олжаға келсек, сендер сол олжа үшін ат та, түйе де терлеткен жоқсыңдар...»1 аяты жайлы былай деді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Фәдәк тұрғындарымен және аты аталған, бірақ қазір есімде жоқ өзге ауылдардың халқымен бітім жасасты. Сол кезде (Хайбардың артта қалған ауылдарында тұратын) тұрғындарды қоршады. Қоршаудағылар Алла Елшісіне (с.а.с.) бейбіт келісім үшін өкілдер жіберді. Аяттағы «сендер сол олжа үшін ат та, түйе де терлеткен жоқсыңдар» дегені «сендер соғыспадыңдар» дегенді білдіреді.

Зуһри: «Надир әулетінің жері Алла елшісіне (с.а.с.) айрықша тиесілі болды. Өйткені ол жер күшпен алынбай, бітіммен өтті. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жерден түскен файды мұһажирлерге үлестірді. Мұқтаж екі адамнан өзге ансарға үлес берген жоқ», – дейді.2

Түсіндірме

1. Бұл риуаятты Әбу Дәуіт жеткізген. «Тәйсир әл-усулде» Ибн Омардың риуаяты ретінде, «Жамиғ әл-усул» мен Әбу Дәуітте Зуһридің риуаяты ретінде берілген.

Зуһри табиғин болғандықтан, риуаятты бір сахабадан естіген болуы керек. Оның аты мәтінде аталмайды.

2. Фай – ислам мемлекетінің кіріс көздерінің бірі. Соғыс үстінде қолға түскен мүлік ғанимат, яғни соғыс олжасы деп аталған. Ал бейбіт келісім, алым-салық немесе кеден алымы арқылы түскен мүлік фай деп аталады. Араб тілінде «фай» қайту, бұрылу дегенді білдіреді. Бұрылып түскен көлеңкеге де осы сөз қолданылады.

3. Исламның соғыс құқығында шайқаста қолға түскен мал-мүлік ғанимат саналады. Оның бестен бірі мемлекетке бөлінеді, қалғаны соғысқа қатысқандар арасында үлестіріледі. Қарсы жақ соғыссыз, бітіммен берілсе, одан түскен кіріс әдетте фай деп аталады.

Фай мемлекет қарауына өтіп, бүкіл мүміннің игілігіне жұмсалады. Надир әулеті бітіммен берілгендіктен, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардан түскен файды бөлуде еркін болды. Оны ансардың көмегіне сүйеніп күн көрген мұһажирлерге үлестіріп, тұрмыстарын түзеді.

Хадисті түсіндірушілер көмекке мұқтаж үш ансарға осы мүліктен үлес берілгенін айтады. Олар: Әбу Дужана Симах ибн Хариса, Сәйл ибн Хунайф, әл-Харис ибн ас-Симма (Алла оларға разы болсын).

4. Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинадағы жеке мүлкі. «Аун әл-мағбудта» Нәуәуиден жеткізілген түсіндірме былай:

«Хадистерде Расулалланың (с.а.с.) мүлігі деп көрсетілген мал-мүлік (садақа) үш бөліктен тұрады:

1) ардақты Пайғамбарға бағышталғандар: бұл – Мухайрик атты бір яһудидің Ухуд күні мұсылман болған кезде берген өсиеті арқылы келген. «Өлсем, мал-мүлкім Расулалланікі» деген еді және Ухудта өлді. Бұл – Надирұлдары жерінің аумағындағы жеті бөлек бақша еді.

Ансарлықтардан да Алла Елшісіне (с.а.с.) жер бағыштағандар болған. Оларға су бармайтын. Олар Алла Елшісінің (с.а.с.) жеке мүлігі еді.

2) Надирұлдары қуылғаннан кейін қолға түсірілген жер: ол қару қолданбастан, бейбіт жолмен алынғаны үшін, тек ардақты Пайғамбарға (с.а.с.) берілу керек еді. Олар қару-жарақтан басқа, түйелері көтере алатын бүкіл мал-мүліктерін алып кеткен еді. Қалған дүние-мүліктерді Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұсылмандарға бөліп берді. Өзіне тиесілі Надирұлдарының жерін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұсылмандардың басына түскен қиындықтар үшін қолданды.

Фәдәк жерінің жартысы да осындай еді. Хайбардың жеңісінен кейін, жергілікті тұрғындар жердің жартысы Расулалланікі (с.а.с.) болу шартымен бейбіт келісім жасасқан еді, сондықтан бұл жер де Алла Елшісінің (с.а.с.) жеке мүліктері арасында еді.

Уад әл-Қураның жерінің үштен бірі де осындай еді.

Хайбар қорғандарынан екеуі осындай еді: Уатих және Сулалим қорғандары. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды да бейбіт келісіммен алған еді.

3) Хайбардан алынғандардың бестен бірі және Хайбардың соғыспен алынған жерлерінен түскен олжаның бестен бірі: Олар да Расулалланың мүлкі еді, оларда басқасының ешбір ақысы жоқ. Алайда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды өзіне жұмсамаған, отбасына, мұсылмандарға және көпшіліктің мүддесіне жұмсаған. Ол дүние салған соң, садақаға айналған бұл мүліктің ешқайсын жеке меншікке алуға болмайды».

  1. 1«Хашр» сүресі, 6-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Хараж», 19 (№2971). Жанан келтірген мәтін Ибн Омарға телінген. Әбу Дәуіт нұсқасы Зуһриден жеткен.
825
Кутуб ситтә, № 825 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Омар (р.а.)

وَعَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ أَمْوَالَ بَنِى النَّضِيرِ كَانَتْ مِمَّا أَفَاءَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِهِ ﷺ مِمَّا لَمْ يُوجِفِ الْمُسْلِمُونَ عَلَيْهِ بِخَيْلٍ وَلَا رِكَابٍ، فَكَانَتْ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ خَاصَّةً قُرَى عُرَيْنَةَ وَفَدَكَ وَكَذَا وَكَذَا يُنْفِقُ عَلَى أَهْلِهِ مِنْهَا نَفَقَةَ سَنَتِهِمْ ثُمَّ يَجْعَلُ مَا بَقِيَ فِي السِّلَاحِ وَالْكُرَاعِ عُدَّةً فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى. وَتَلَا: مَا أَفَاءَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِهِ مِنْ أَهْلِ الْقُرَى فَلِلَّهِ وَلِلرَّسُولِ الْآيَة؛ وَقَالَ اسْتَوْعَبَتْ هَذِهِ الْآيَةُ هَؤُلَاءِ: وَلِلْفُقَرَاءِ الْمُهَاجِرِينَ الَّذِينَ أُخْرِجُوا مِنْ دِيَارِهِمْ وَأَمْوَالِهِمْ؛ وَالَّذِينَ تَبَوَّؤُا الدَّارَ وَالْإِيمَانَ مِنْ قَبْلِهِمْ؛ وَالَّذِينَ جَاءُوا مِنْ بَعْدِهِمْ فَاسْتَوْعَبَتْ هَذِهِ النَّاسَ فَلَمْ يَبْقَ أَحَدٌ مِنَ الْمُسْلِمِينَ إِلَّا لَهُ فِيهَا حَظٌّ وَحَقٌّ إِلَّا بَعْضَ مَنْ يَمْلِكُونَ مِنْ أَرِقَّائِهِمْ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Омар (р.а.) былай дейді: «Надирұлдарының дүние-мүлкі – Алла Тағаланың Өз елшісіне соғыссыз нәсіп еткен файы еді. Оны алу үшін ешкім ат та, түйе де терлетпеген. Урайна ауылдары, Фәдәк – (Қурайза мен Надирдің мүліктері секілді) тек Расулаллаға меншікті жерлер еді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жерлерден түсетін кірістерден отбасының бір жылдық нәпақасын бөліп қоятын. Қалғанын Алла жолында жұмсалатын қару-жарақ пен мініс көлікке жұмсайтын. (Аталмыш аятта да солай делінген): “Соғыссыз-ақ алынған елді мекендердің халқына тиесілі дүние-мүліктен Алла Елшісіне нәсіп еткен олжалары Аллаға, елшісіне, (пайғамбардың) туған-туыстарына, жетімдерге, кедейлерге әрі (еліне жете алмай) жолда қалған ғаріптерге тән. Бұл аталмыш дүние-мүлік араларыңдағы байлардың арасында ғана айналымда болатын дәулетке айналмауы үшін (берілген үкім)...”1 (Алла Елшісіне (с.а.с.) өткен) осы олжа аятта саналғандарға және сондай-ақ “(бұл олжа Алла жолында) атамекенінен қуылып, бар дүниелерінен айырылған кедей мұһажирлерге тән”, “Олардан бұрын Мәдинаны мекен етіп, иман құшағына оранғандарға” және “Сол мұһажирлер мен ансарлардан кейін келген (һәм солардың ізін қуған) мүміндерге тән”2. Осы аят (қияметке дейін келетін) мүминдердің барлығын қамтиды. Қолдарыңдағы кейбір құлдарды қоспағанда, әр мұсылманның осы файдан алар үлесі мен ақысы бар».3

Түсіндірме

«Тәйсир әл-усулдің» авторы Әбу Дәуітте бөлек келген Омардың екі риуаятын бір мәтін етіп берген.

Алдыңғы риуаятта айтылғандай, Надирұлдары соғыссыз берілді. Олар Мәдинадан қуылған соң, мұсылмандар олардан қалған дүние-мүлік пен жердің Хайбардан қолға түсірілген олжа секілді бөлістірілуін Алла Елшісінен (с.а.с.) сұрады.

Осы сұрауға байланысты түскен уахи бейбіт келісіммен мұсылман еместерден алынған файды жұмсаудың жолын көрсетті. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) қарауына, яғни мемлекет қарауына өтіп, елдің қажетіне қарай жұмсалды.

Аятта Алла тарапынан Пайғамбарға фай ретінде берілген жерлер жайлы әртүрлі пікірлер айтылған. Оны Нәуәуиден жеткен алдыңғы риуаятта түсіндіріп өттік. Ибн Аббастан келген бір риуаят бойынша, олар: Қурайза, Надир, Фәдәк, Хайбар және Урайна ауылдары.

Аяттағы «жақындар» (зил-қурба) – Алла Елшісінің (с.а.с.) жақындары, яғни «Хашимұлдары» мен «Абдулмутталибұлдары».

Аят фай жұмсалатын өзге орындарды (жетімдер, кедейлер, жолда қалғандар) санамалағаннан кейін, «Бұл аталмыш дүние-мүлік араларыңдағы байлардың арасында ғана айналымда болатын дәулетке айналмауы үшін (берілген үкім)» дейді. Осымен жәһилият салтын жойғанын көрсеткен. Өйткені жаһилият арабтары олжаға ие болғанда басшы төрттен бірін алатын және оны қалағанынша жұмсайтын. Аят кәрима Расулаллаға (с.а.с.) жұмсалатын орындарын көрсетеді.

Риуаяттағы «Үйлерінен және малдарынан айырылған кедейлерге» деп басталатын сөйлем де «Хашыр» сүресіндегі мына аяттан алынған: ﴿لِلْفُقَرَآءِ ٱلْمُهَٰجِرِينَ ٱلَّذِينَ أُخْرِجُوا۟ مِن دِيَٰرِهِمْ وَأَمْوَٰلِهِمْ يَبْتَغُونَ فَضْلًا مِّنَ ٱللَّهِ وَرِضْوَٰنًا وَيَنصُرُونَ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥٓ أُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلصَّٰدِقُونَ﴾ «Һәм атамекенінен қуылып, бар дүниелерінен айырылған кедей мұһажирлерге тиесілі. Олар Алланың шарапаты мен разылығын ғана қалайды және Алланың дініне әрі Елшісіне жан-тәндерімен қолдау көрсетеді. Нағыз шыншылдар, міне, солар!»4.

Осылайша Надир әулетінен түскен файдан әуелі Мәдинаға һижрет жасаған мұсылмандардың алу құқығы бар екенін айтқаннан кейін, аят кәримада олжадан ала алатын басқа адамдарды тізбектейді:

* Мұһажирлерден бұрын Мәдинаны мекен етіп, иман құшағына оранған Ансар.

* Сол мұһажирлер мен ансарлардан кейін келген (һәм солардың ізін қуған) мүміндер.

Омардың көзқарасы: Осы аят кейінірек сахабалар арасында шығатын кейбір қарама-қайшылықтарда әзірет Омардың нақты шешім шығаруына дәлел болады. Жоғарыдағы риуаятта аталмыш шешімі берілген.

Әбу Юсуф «Китаб әл-харажда» бұл оқиғаны кеңінен баяндайды. Ирак алынғанда Зубәйір, Біләл, Салман әл-Фариси сияқты сахабалар олжа мен жерді үлестіруді сұраған. Омар өз шешімінің негізін айтып, оларды иландырған.

Омар аятқа сүйеніп, «Осы жерлерден түсетін файдан қияметке дейінгі әрбір мұсылманның үлесі бар» деген үкім шығарған.

Әзірет Омардың көзқарасы бойынша, фай беске бөлініп, үлестірілмейді. Фай барша мұсылманға ортақ. Әзірет Омар (р.а.) осы үкімді беретін кезде, риуаятта байқағанымыздай, مَا اَفَاءَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِه деп басталатын аятты وَالَّذِينَ جَاءُوا مِنْ بَعْدِهِم бөліміне дейін («Хашр» сүресінің 7–10-аяттары) оқып, هَذِهِ اسْتَوْعَبَتْ الْمُسْلِمِينَ عَامَّةً яғни «Осы аят барша мұсылмандарды қамтиды» дейді және сөзін жалғастырып: «Жер бетіндегі әрбір мұсылманның осы файдан үлес алуға құқылы. Бұл құқық қол астыларыңдағы құлдарға берілмейді».5

Мынаны ұмытпау керек: әзірет Омар (р.а.) осы үкімді шығарған кезде, сахабаның көпшілігі өмірде еді және олардың құзырында өзінің ойын айтып, жүзеге асырған, әрі оған ешкім де қарсы шықпаған. Әзірет Омардың өз айналасындағы адамдарды осы ойына сендіруі мұсылмандар жеңген жерлерге берілетін мәртебені (статус) анықтады. Соған сәйкес барша мүминдердің, оның ішінде қияметке дейін келетін мүминдер де бар, мүддесі үшін жеңіспен қол астына қаратылған жерлердің тұрғындары:

– бостандықтарын сақтады;

– жер өз қолдарында қалып, одан мемлекет қазынасына хараж салығын төледі.

Файды қалай жұмсау жөнінде фиқһ ғалымдары әртүрлі пікір айтқан. Имам Мәлик бойынша, фай мен хумс мемлекет қазынасына бірге түседі. Одан билеуші Алла елшісінің (с.а.с.) жақындарына өз шешіміне қарай үлес береді. Көпшілік ғалымдар соғыс олжасының бестен бір үлесі мен файды бөлек қарастырған. Бестен бір (хумс) – «Әнфал» сүресінде берілген хумс жайлы аяттағы Алла Тағала белгілеген мүмин топтары үшін. Аталмыш аятта хумс үшін: «Біліп қойыңдар, соғыстан не нәрсе олжаласаңдар да, соның бестен бірі сөзсіз Аллаға тиесілі. Сондай-ақ Алла Елшісіне, оның жақын туыстарына, жетімдерге, пақыр-міскіндерге және жолда қалған мүсәпір жолаушыларға тиесілі»6 делінген. Осы аты аталған топтардан басқа адамдарға хумстан берілмейді. Файды жұмсау билеушінің шешіміне қалдырылған. Ол оны жұрттың қажетіне қарай бөледі.

Имам Шәфиғи бұл пікірге қосылмайды. Оның ойынша, фай да беске бөлініп, бестен төрті Расулаллаға (с.а.с.) беріледі. Сондай-ақ хумстың хумсы да пайғамбардың меншігі. Хумстың қалған төрт бөлшегі мұқтаж жандарға беріледі. Шафиғи әзірет Омардың сөзін талдап: «Ол хумстың қалған төрт бөлігін айтқан болу керек» дейді.

Бұл мәселе мемлекет қазынасының кіріс көздерін, қаражатты жұмсау тәртібін және Алла елшісінің (с.а.с.) жақындарына кім жататынын қамтиды. Толығырақ Елмалылының тәпсірінен қарауға болады (7-т., 4820–4838-б.).

  1. 1«Хашр» сүресі, 7-аят.
  2. 2«Хашр» сүресі, 8–10-аяттар.
  3. 3Әбу Дәуіт, Хараж 19, (2965, 2966).
  4. 4«Хашр» сүресі, 8-аят.
  5. 5«Хашр» сүресі, 7–10-аяттар; Әбу Дәуіт, «Хараж» (№2966).
  6. 6«Әнфәл» сүресі, 41-аят.
826
Кутуб ситтә, № 826 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنْفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ الْآيَة. أَنَّ رَجُلًا مِنَ الْأَنْصَارِ بَاتَ بِهِ ضَيْفٌ وَلَمْ يَكُنْ عِنْدَهُ إِلَّا قُوتُهُ وَقُوتُ صِبْيَانِهِ. فَقَالَ لِامْرَأَتِهِ: نَوِّمِى الصِّبْيَةَ وَأَطْفِئِى السِّرَاجَ وَقَرِّبِى لِلضَّيْفِ مَا عِنْدَكِ فَنَزَلَتْ الْآيَة». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) «Тіпті өздері мұқтаж бола тұра оларды өздерінен артық көреді»1 деген аятқа қатысты былай деді: «Бір ансарлықтың үйіне біреу қонаққа келіп, сол үйде түнеді. Үй иесінің үйінде өзінің және бала-шағасының тамағынан басқа жейтін нәрселері жоқ еді. Әйеліне: “Балаларды ұйықтат, жарықты сөндір, сөйтіп бар тамақты қонаққа ұсын”, – деді. Осыған байланысты аят түсті».2

Түсіндірме

Тирмизи нұсқасында ансардың аты аталмайды. Мүслим жеткізген нұсқада оның Әбу Талха екені айтылады. Үй иелері бар асты дастарқанға қойып, шырақты сөндірген соң қонағын асқа шақырады. Үй иесі өзі де жеп отырғандай кейіп танытады. Қонақ мұны байқамасын деп шырақты өшірген еді.

Үй иесі қонақ күтіп сауап табуды көздеді. Өзі мұқтаж бола тұра, бауырын өзінен артық көрді. Алла Тағала оның осы ісіне разы болып, сахабалардың, әсіресе ансардың осы қасиетін кейінгі мүміндерге өнеге етті.

  1. 1«Хашр» сүресі, 9-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Хашр» (№3304; Жанан басылымында №3301); Мүслим, «Әшриба» (№2054b–c).
827
Кутуб ситтә, № 827 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ نَافَقُوا يَقُولُونَ لِإِخْوَانِهِمْ. هُوَ ابْنُ أَبِي قَالَهُ لِيَهُودِ بَنِى النَّضِيرِ إِذْ أَرَادَ النَّبِيُّ ﷺ إِجْلَاءَهُمْ فَنَزَلَتْ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) ﴿أَلَمْ تَرَ إِلَى ٱلَّذِينَ نَافَقُوا۟ يَقُولُونَ لِإِخْوَٰنِهِمُ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ مِنْ أَهْلِ ٱلْكِتَٰبِ لَئِنْ أُخْرِجْتُمْ لَنَخْرُجَنَّ مَعَكُمْ وَلَا نُطِيعُ فِيكُمْ أَحَدًا أَبَدًا وَإِن قُوتِلْتُمْ لَنَنصُرَنَّكُمْ وَٱللَّهُ يَشْهَدُ إِنَّهُمْ لَكَٰذِبُونَ﴾ «Екіжүзділік танытқандарды көрмейсің бе? Олар кітап иелерінен күпірлік қылған бауырларына: “Алла атымен ант етейік, егер сендер қуылатын болсаңдар, онда біз де сендермен бірге кетеміз. Сендерге қарсы ешкімге әсте бағынбаймыз. Егер сендерге соғыс ашыла қалса, онда сөзсіз, сендерге жәрдем береміз”, – деп айтады. Алайда олардың барып тұрған кәззап екеніне Алла куә болуда»1 деген аятта айтылған адам – мұнафықтардың басшысы Абдулла ибн Убәй екенін, бұл сөзді Надирұлдары яһудилерін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинадан шығармақшы болғанда, оларды Алла Елшісіне (с.а.с.) қарсы қою үшін айтқанын жеткізеді. Осыдан кейін бұл аят түсті. Риуаятты Рәзин қосқан.

Түсіндірме

Бұл риуаят №823-те айтылған Надир әулетінің Мәдинадан көшірілу оқиғасының Құранда сөз болған бір тұсын ашады.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Мағуна құдығы» қантөгісінен аман қалған Амр ибн Умәйяның қайтар жолда қателесіп өлтіріп қойған Амрұлдарына қарасты екі кісінің құнын өтеуге жәрдем сұрап, Надир әулетіне барады. Өйткені олармен жасалған келісім бойынша мұндай жағдайларда көмектесулері керек еді. Ал олар болса, Алла Елшісінің (с.а.с.) өз елдеріне келгенін мүлт жіберіп алғылары келмей, оны өлтіріп, көзін құртпақшы болады, сөйтіп дереу жоспар құра бастайды: ол жоспары – отырған үйінің шатырынан диірмен тасын лақтыру. Алла Елшісіне: «Пай-пай, бізден сұрағаның бойынша саған көмектесейік» дегеннен кейін, әлгі жоспарларын жүзеге асырмақ болғанда, Алла Тағала істің мәнісін Расулаллаға уахимен білдіреді. Сөйтіп ойлағандары іске аспай қалады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды жазалауды бұйырады. Дайындық жасалып, олар қоршауға алынады. Оларға Мәдинадан кету немесе соғысу ұсынылды.

Ибн Хишамда айтылғандай, осы мезетте Надирұлдарының серіктесі болған һәм Алла Елшісіне қастасуда бауырлары болған Мәдинаның мұнафық тобы (Абдулла ибн Убәй ибн Сәлул бастаған Уәдиға, Мәлик ибн Әбу Қауқал, Суәйд Даис) Надирұлдарына елші жіберіп: «Шыдаңдар, өздеріңді қорғаңдар, біз сендерді ешқашан жалғыз қалдырып, Мұхаммедке бермейміз. Егер соғыссаңдар, сендермен бірге біз де соғысамыз, егер сендер (Мәдинадан) қуылатын болсаңдар, онда біз де сендермен бірге кетеміз» секілді сөздермен оларды қарсы тұруға, соғысуға шақырады.

Алайда іс насырға шапқанда, сол уәделерінің ешбірін де орындамайды. Соңында, қолдарынан ештеңе келмейтінін түсінген соң, қару-жарақтан басқа дүние-мүліктерін түйемен алып кету шартымен бейбіт келісімге келеді.

Риуаят аятта меңзелген адамның Мәдина мұнафықтарының басшысы Абдулла ибн Убәй ибн Сәлул екенін көрсетеді.

  1. 1«Хашр» сүресі, 11-аят.