Хадис

Кутуб ситтә, № 822

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
108. «Хашр» сүресі
Нөмірі
№ 822 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
822
Кутуб ситтә, № 822 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «حَرَّقَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ نَخْلَ بَنِي النَّضِيرِ وَقَطَّعَ، وَهِيَ الْبُوَيْرَةُ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿مَا قَطَعْتُمْ مِنْ لِينَةٍ﴾ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Надир әулетінің Буәйрадағы құрма ағаштарын кестіріп, өртетті. Осы оқиғаға байланысты ﴿مَا قَطَعْتُم مِّن لِّينَةٍ أَوْ تَرَكْتُمُوهَا قَآئِمَةً عَلَىٰٓ أُصُولِهَا فَبِإِذْنِ ٱللَّهِ وَلِيُخْزِىَ ٱلْفَٰسِقِينَ﴾ “Қандай да бір құрма ағашын кескен болсаңдар да, яки кеспей-ақ өз діңінде тік өсіп тұрған күйінде қалдырсаңдар да, мұның бәрі Алланың рұқсатымен әрі тура жолдан тайған күнәһарларды қорлау үшін еді”1 деген аят түсірілді».2

Түсіндірме

Аталмыш оқиға Ухуд соғысынан алты айдай уақыттан кейін Надирұлдары яһудилеріне қарсы жасалған жорық кезінде орын алды. Олар қорғандарына тығылып қоршалған кезде, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) яһудилердің құтын қашыру үшін, әрі сол арқылы бейбіт келісімге тезірек келтіру үшін, Буәйра деген жердегі құрма ағаштарын өртеуді және егіндерін жайпауды бұйырады.

Кәпірлер: «Уа, Мұхаммед, сен бізді жер жүзінде бүлік шығарудан тыясың. Алайда өзің соны жасап жатырсың, бұл құрмаларды өртеуіңді қалай түсінеміз?!» – деді. Осындай алып-қашпа сөздер мүминдерге де күмән туғыза бастады. Кейбіреулері бұйрықты толық орындады, ал біреулері керексіз ағаштарды шауып жатты. Міне, аят осы жағдайға байланысты түсті.

Осылайша мүминдерге бұл істің Алланың қалауымен болып жатқанын, бүлік шығару үшін емес, пасықтардың жеңілуін тездету үшін жасалып жатқанын білдірді.

Аятта «құрма ағашы» деп аударылған сөздің арабшасы – «лина». Көпшілігі оны сапалы ажуа құрмасынан өзге құрма түрлеріне қатысты деп түсінген. Тәпсіршілер мен тіл мамандары сөздің түбірі жөнінде әртүрлі пікір айтқан.

  1. 1«Хашр» сүресі, 5-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Хашр», 2 (№4884), «Мағази» (№4031); Мүслим, «Жиһад» (№1746a–c); Тирмизи, «Тәпсір», «Хашр» (№3302; Жанан басылымында №3298); Әбу Дәуіт, «Жиһад» (№2615).