وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «فَمَا أَوْجَفْتُمْ عَلَيْهِ مِنْ خَيْلٍ وَلَا رِكَابٍ. قَالَ: صَالَحَ النَّبِيُّ ﷺ أَهْلَ فَدَكَ وَقُرًى قَدْ سَمَّاهَا لَا أَحْفَظُهَا وَهُوَ مُحَاصِرٌ قَوْمًا آخَرِينَ. فَأَرْسَلُوا إِلَيْهِ لِلصُّلْحِ قَالَ: فَمَا أَوْجَفْتُمْ عَلَيْهِ مِنْ خَيْلٍ وَلَا رِكَابٍ، وَكَانَ يَقُولُ بِغَيْرِ قِتَالٍ، قَالَ الزُّهْرِىُّ رَحِمَهُ اللَّهُ: وَكَانَتْ بَنُو النَّضِيرِ لِلنَّبِىِّ ﷺ خَالِصًا لَمْ يَفْتَحُوهَا عَنْوَةً فَفَتَحُوهَا عَلَى صُلْحٍ فَقَسَّمَهَا النَّبِىُّ ﷺ بَيْنَ الْمُهَاجِرِينَ لَمْ يُعْطِ الْأَنْصَارَ مِنْهَا شَيْئًا إِلَّا رَجُلَيْنِ كَانَتْ بِهِمَا حَاجَةٌ».
Ибн Омар (р.а.): «Ал Алланың олардан соғыссыз-ақ алып, расулына нәсіп еткен олжаға келсек, сендер сол олжа үшін ат та, түйе де терлеткен жоқсыңдар...»1 аяты жайлы былай деді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Фәдәк тұрғындарымен және аты аталған, бірақ қазір есімде жоқ өзге ауылдардың халқымен бітім жасасты. Сол кезде (Хайбардың артта қалған ауылдарында тұратын) тұрғындарды қоршады. Қоршаудағылар Алла Елшісіне (с.а.с.) бейбіт келісім үшін өкілдер жіберді. Аяттағы «сендер сол олжа үшін ат та, түйе де терлеткен жоқсыңдар» дегені «сендер соғыспадыңдар» дегенді білдіреді.
Зуһри: «Надир әулетінің жері Алла елшісіне (с.а.с.) айрықша тиесілі болды. Өйткені ол жер күшпен алынбай, бітіммен өтті. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жерден түскен файды мұһажирлерге үлестірді. Мұқтаж екі адамнан өзге ансарға үлес берген жоқ», – дейді.2
Түсіндірме
1. Бұл риуаятты Әбу Дәуіт жеткізген. «Тәйсир әл-усулде» Ибн Омардың риуаяты ретінде, «Жамиғ әл-усул» мен Әбу Дәуітте Зуһридің риуаяты ретінде берілген.
Зуһри табиғин болғандықтан, риуаятты бір сахабадан естіген болуы керек. Оның аты мәтінде аталмайды.
2. Фай – ислам мемлекетінің кіріс көздерінің бірі. Соғыс үстінде қолға түскен мүлік ғанимат, яғни соғыс олжасы деп аталған. Ал бейбіт келісім, алым-салық немесе кеден алымы арқылы түскен мүлік фай деп аталады. Араб тілінде «фай» қайту, бұрылу дегенді білдіреді. Бұрылып түскен көлеңкеге де осы сөз қолданылады.
3. Исламның соғыс құқығында шайқаста қолға түскен мал-мүлік ғанимат саналады. Оның бестен бірі мемлекетке бөлінеді, қалғаны соғысқа қатысқандар арасында үлестіріледі. Қарсы жақ соғыссыз, бітіммен берілсе, одан түскен кіріс әдетте фай деп аталады.
Фай мемлекет қарауына өтіп, бүкіл мүміннің игілігіне жұмсалады. Надир әулеті бітіммен берілгендіктен, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардан түскен файды бөлуде еркін болды. Оны ансардың көмегіне сүйеніп күн көрген мұһажирлерге үлестіріп, тұрмыстарын түзеді.
Хадисті түсіндірушілер көмекке мұқтаж үш ансарға осы мүліктен үлес берілгенін айтады. Олар: Әбу Дужана Симах ибн Хариса, Сәйл ибн Хунайф, әл-Харис ибн ас-Симма (Алла оларға разы болсын).
4. Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинадағы жеке мүлкі. «Аун әл-мағбудта» Нәуәуиден жеткізілген түсіндірме былай:
«Хадистерде Расулалланың (с.а.с.) мүлігі деп көрсетілген мал-мүлік (садақа) үш бөліктен тұрады:
1) ардақты Пайғамбарға бағышталғандар: бұл – Мухайрик атты бір яһудидің Ухуд күні мұсылман болған кезде берген өсиеті арқылы келген. «Өлсем, мал-мүлкім Расулалланікі» деген еді және Ухудта өлді. Бұл – Надирұлдары жерінің аумағындағы жеті бөлек бақша еді.
Ансарлықтардан да Алла Елшісіне (с.а.с.) жер бағыштағандар болған. Оларға су бармайтын. Олар Алла Елшісінің (с.а.с.) жеке мүлігі еді.
2) Надирұлдары қуылғаннан кейін қолға түсірілген жер: ол қару қолданбастан, бейбіт жолмен алынғаны үшін, тек ардақты Пайғамбарға (с.а.с.) берілу керек еді. Олар қару-жарақтан басқа, түйелері көтере алатын бүкіл мал-мүліктерін алып кеткен еді. Қалған дүние-мүліктерді Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұсылмандарға бөліп берді. Өзіне тиесілі Надирұлдарының жерін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұсылмандардың басына түскен қиындықтар үшін қолданды.
Фәдәк жерінің жартысы да осындай еді. Хайбардың жеңісінен кейін, жергілікті тұрғындар жердің жартысы Расулалланікі (с.а.с.) болу шартымен бейбіт келісім жасасқан еді, сондықтан бұл жер де Алла Елшісінің (с.а.с.) жеке мүліктері арасында еді.
Уад әл-Қураның жерінің үштен бірі де осындай еді.
Хайбар қорғандарынан екеуі осындай еді: Уатих және Сулалим қорғандары. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды да бейбіт келісіммен алған еді.
3) Хайбардан алынғандардың бестен бірі және Хайбардың соғыспен алынған жерлерінен түскен олжаның бестен бірі: Олар да Расулалланың мүлкі еді, оларда басқасының ешбір ақысы жоқ. Алайда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды өзіне жұмсамаған, отбасына, мұсылмандарға және көпшіліктің мүддесіне жұмсаған. Ол дүние салған соң, садақаға айналған бұл мүліктің ешқайсын жеке меншікке алуға болмайды».