Хадис

Кутуб ситтә, № 825

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
108. «Хашр» сүресі
Нөмірі
№ 825 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
825
Кутуб ситтә, № 825 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Омар (р.а.)

وَعَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ أَمْوَالَ بَنِى النَّضِيرِ كَانَتْ مِمَّا أَفَاءَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِهِ ﷺ مِمَّا لَمْ يُوجِفِ الْمُسْلِمُونَ عَلَيْهِ بِخَيْلٍ وَلَا رِكَابٍ، فَكَانَتْ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ خَاصَّةً قُرَى عُرَيْنَةَ وَفَدَكَ وَكَذَا وَكَذَا يُنْفِقُ عَلَى أَهْلِهِ مِنْهَا نَفَقَةَ سَنَتِهِمْ ثُمَّ يَجْعَلُ مَا بَقِيَ فِي السِّلَاحِ وَالْكُرَاعِ عُدَّةً فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى. وَتَلَا: مَا أَفَاءَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِهِ مِنْ أَهْلِ الْقُرَى فَلِلَّهِ وَلِلرَّسُولِ الْآيَة؛ وَقَالَ اسْتَوْعَبَتْ هَذِهِ الْآيَةُ هَؤُلَاءِ: وَلِلْفُقَرَاءِ الْمُهَاجِرِينَ الَّذِينَ أُخْرِجُوا مِنْ دِيَارِهِمْ وَأَمْوَالِهِمْ؛ وَالَّذِينَ تَبَوَّؤُا الدَّارَ وَالْإِيمَانَ مِنْ قَبْلِهِمْ؛ وَالَّذِينَ جَاءُوا مِنْ بَعْدِهِمْ فَاسْتَوْعَبَتْ هَذِهِ النَّاسَ فَلَمْ يَبْقَ أَحَدٌ مِنَ الْمُسْلِمِينَ إِلَّا لَهُ فِيهَا حَظٌّ وَحَقٌّ إِلَّا بَعْضَ مَنْ يَمْلِكُونَ مِنْ أَرِقَّائِهِمْ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Омар (р.а.) былай дейді: «Надирұлдарының дүние-мүлкі – Алла Тағаланың Өз елшісіне соғыссыз нәсіп еткен файы еді. Оны алу үшін ешкім ат та, түйе де терлетпеген. Урайна ауылдары, Фәдәк – (Қурайза мен Надирдің мүліктері секілді) тек Расулаллаға меншікті жерлер еді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол жерлерден түсетін кірістерден отбасының бір жылдық нәпақасын бөліп қоятын. Қалғанын Алла жолында жұмсалатын қару-жарақ пен мініс көлікке жұмсайтын. (Аталмыш аятта да солай делінген): “Соғыссыз-ақ алынған елді мекендердің халқына тиесілі дүние-мүліктен Алла Елшісіне нәсіп еткен олжалары Аллаға, елшісіне, (пайғамбардың) туған-туыстарына, жетімдерге, кедейлерге әрі (еліне жете алмай) жолда қалған ғаріптерге тән. Бұл аталмыш дүние-мүлік араларыңдағы байлардың арасында ғана айналымда болатын дәулетке айналмауы үшін (берілген үкім)...”1 (Алла Елшісіне (с.а.с.) өткен) осы олжа аятта саналғандарға және сондай-ақ “(бұл олжа Алла жолында) атамекенінен қуылып, бар дүниелерінен айырылған кедей мұһажирлерге тән”, “Олардан бұрын Мәдинаны мекен етіп, иман құшағына оранғандарға” және “Сол мұһажирлер мен ансарлардан кейін келген (һәм солардың ізін қуған) мүміндерге тән”2. Осы аят (қияметке дейін келетін) мүминдердің барлығын қамтиды. Қолдарыңдағы кейбір құлдарды қоспағанда, әр мұсылманның осы файдан алар үлесі мен ақысы бар».3

Түсіндірме

«Тәйсир әл-усулдің» авторы Әбу Дәуітте бөлек келген Омардың екі риуаятын бір мәтін етіп берген.

Алдыңғы риуаятта айтылғандай, Надирұлдары соғыссыз берілді. Олар Мәдинадан қуылған соң, мұсылмандар олардан қалған дүние-мүлік пен жердің Хайбардан қолға түсірілген олжа секілді бөлістірілуін Алла Елшісінен (с.а.с.) сұрады.

Осы сұрауға байланысты түскен уахи бейбіт келісіммен мұсылман еместерден алынған файды жұмсаудың жолын көрсетті. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) қарауына, яғни мемлекет қарауына өтіп, елдің қажетіне қарай жұмсалды.

Аятта Алла тарапынан Пайғамбарға фай ретінде берілген жерлер жайлы әртүрлі пікірлер айтылған. Оны Нәуәуиден жеткен алдыңғы риуаятта түсіндіріп өттік. Ибн Аббастан келген бір риуаят бойынша, олар: Қурайза, Надир, Фәдәк, Хайбар және Урайна ауылдары.

Аяттағы «жақындар» (зил-қурба) – Алла Елшісінің (с.а.с.) жақындары, яғни «Хашимұлдары» мен «Абдулмутталибұлдары».

Аят фай жұмсалатын өзге орындарды (жетімдер, кедейлер, жолда қалғандар) санамалағаннан кейін, «Бұл аталмыш дүние-мүлік араларыңдағы байлардың арасында ғана айналымда болатын дәулетке айналмауы үшін (берілген үкім)» дейді. Осымен жәһилият салтын жойғанын көрсеткен. Өйткені жаһилият арабтары олжаға ие болғанда басшы төрттен бірін алатын және оны қалағанынша жұмсайтын. Аят кәрима Расулаллаға (с.а.с.) жұмсалатын орындарын көрсетеді.

Риуаяттағы «Үйлерінен және малдарынан айырылған кедейлерге» деп басталатын сөйлем де «Хашыр» сүресіндегі мына аяттан алынған: ﴿لِلْفُقَرَآءِ ٱلْمُهَٰجِرِينَ ٱلَّذِينَ أُخْرِجُوا۟ مِن دِيَٰرِهِمْ وَأَمْوَٰلِهِمْ يَبْتَغُونَ فَضْلًا مِّنَ ٱللَّهِ وَرِضْوَٰنًا وَيَنصُرُونَ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥٓ أُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلصَّٰدِقُونَ﴾ «Һәм атамекенінен қуылып, бар дүниелерінен айырылған кедей мұһажирлерге тиесілі. Олар Алланың шарапаты мен разылығын ғана қалайды және Алланың дініне әрі Елшісіне жан-тәндерімен қолдау көрсетеді. Нағыз шыншылдар, міне, солар!»4.

Осылайша Надир әулетінен түскен файдан әуелі Мәдинаға һижрет жасаған мұсылмандардың алу құқығы бар екенін айтқаннан кейін, аят кәримада олжадан ала алатын басқа адамдарды тізбектейді:

* Мұһажирлерден бұрын Мәдинаны мекен етіп, иман құшағына оранған Ансар.

* Сол мұһажирлер мен ансарлардан кейін келген (һәм солардың ізін қуған) мүміндер.

Омардың көзқарасы: Осы аят кейінірек сахабалар арасында шығатын кейбір қарама-қайшылықтарда әзірет Омардың нақты шешім шығаруына дәлел болады. Жоғарыдағы риуаятта аталмыш шешімі берілген.

Әбу Юсуф «Китаб әл-харажда» бұл оқиғаны кеңінен баяндайды. Ирак алынғанда Зубәйір, Біләл, Салман әл-Фариси сияқты сахабалар олжа мен жерді үлестіруді сұраған. Омар өз шешімінің негізін айтып, оларды иландырған.

Омар аятқа сүйеніп, «Осы жерлерден түсетін файдан қияметке дейінгі әрбір мұсылманның үлесі бар» деген үкім шығарған.

Әзірет Омардың көзқарасы бойынша, фай беске бөлініп, үлестірілмейді. Фай барша мұсылманға ортақ. Әзірет Омар (р.а.) осы үкімді беретін кезде, риуаятта байқағанымыздай, مَا اَفَاءَ اللَّهُ عَلَى رَسُولِه деп басталатын аятты وَالَّذِينَ جَاءُوا مِنْ بَعْدِهِم бөліміне дейін («Хашр» сүресінің 7–10-аяттары) оқып, هَذِهِ اسْتَوْعَبَتْ الْمُسْلِمِينَ عَامَّةً яғни «Осы аят барша мұсылмандарды қамтиды» дейді және сөзін жалғастырып: «Жер бетіндегі әрбір мұсылманның осы файдан үлес алуға құқылы. Бұл құқық қол астыларыңдағы құлдарға берілмейді».5

Мынаны ұмытпау керек: әзірет Омар (р.а.) осы үкімді шығарған кезде, сахабаның көпшілігі өмірде еді және олардың құзырында өзінің ойын айтып, жүзеге асырған, әрі оған ешкім де қарсы шықпаған. Әзірет Омардың өз айналасындағы адамдарды осы ойына сендіруі мұсылмандар жеңген жерлерге берілетін мәртебені (статус) анықтады. Соған сәйкес барша мүминдердің, оның ішінде қияметке дейін келетін мүминдер де бар, мүддесі үшін жеңіспен қол астына қаратылған жерлердің тұрғындары:

– бостандықтарын сақтады;

– жер өз қолдарында қалып, одан мемлекет қазынасына хараж салығын төледі.

Файды қалай жұмсау жөнінде фиқһ ғалымдары әртүрлі пікір айтқан. Имам Мәлик бойынша, фай мен хумс мемлекет қазынасына бірге түседі. Одан билеуші Алла елшісінің (с.а.с.) жақындарына өз шешіміне қарай үлес береді. Көпшілік ғалымдар соғыс олжасының бестен бір үлесі мен файды бөлек қарастырған. Бестен бір (хумс) – «Әнфал» сүресінде берілген хумс жайлы аяттағы Алла Тағала белгілеген мүмин топтары үшін. Аталмыш аятта хумс үшін: «Біліп қойыңдар, соғыстан не нәрсе олжаласаңдар да, соның бестен бірі сөзсіз Аллаға тиесілі. Сондай-ақ Алла Елшісіне, оның жақын туыстарына, жетімдерге, пақыр-міскіндерге және жолда қалған мүсәпір жолаушыларға тиесілі»6 делінген. Осы аты аталған топтардан басқа адамдарға хумстан берілмейді. Файды жұмсау билеушінің шешіміне қалдырылған. Ол оны жұрттың қажетіне қарай бөледі.

Имам Шәфиғи бұл пікірге қосылмайды. Оның ойынша, фай да беске бөлініп, бестен төрті Расулаллаға (с.а.с.) беріледі. Сондай-ақ хумстың хумсы да пайғамбардың меншігі. Хумстың қалған төрт бөлшегі мұқтаж жандарға беріледі. Шафиғи әзірет Омардың сөзін талдап: «Ол хумстың қалған төрт бөлігін айтқан болу керек» дейді.

Бұл мәселе мемлекет қазынасының кіріс көздерін, қаражатты жұмсау тәртібін және Алла елшісінің (с.а.с.) жақындарына кім жататынын қамтиды. Толығырақ Елмалылының тәпсірінен қарауға болады (7-т., 4820–4838-б.).

  1. 1«Хашр» сүресі, 7-аят.
  2. 2«Хашр» сүресі, 8–10-аяттар.
  3. 3Әбу Дәуіт, Хараж 19, (2965, 2966).
  4. 4«Хашр» сүресі, 8-аят.
  5. 5«Хашр» сүресі, 7–10-аяттар; Әбу Дәуіт, «Хараж» (№2966).
  6. 6«Әнфәл» сүресі, 41-аят.