وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ الْخَطَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا وَدَّعَ أَحَدًا قَالَ: أَسْتَوْدِعُ اللَّهَ دِينَكُمْ وَأَمَانَتَكُمْ، وَخَوَاتِيمَ أَعْمَالِكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَسْتُوْدِعُ اللَّهَ دِينَكَ وَأَمَانَتَكَ، وَخَوَاتِيمَ عَمَلِكَ».
Абдулла әл-Хатами (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) бір адаммен қоштасар кезде: “Дініңізді, аманатыңызды және істеріңіздің ақырын Алланың қорғауына қалдырамын” – деп айтатын».1
Түсіндірме
1. Бұл хадистің Әбу Дәуіттегі нұсқасының бас жағы өзгеше. «Алла елшісі (с.а.с.) бір әскермен қоштасар кезде» деп басталады. Тирмизидегі риуаят кейбір ұсақ айырмашылықтармен Ибн Омардан (р.а.) жеткен.
2. «Алланың қорғауына қалдырамын» деп жасалған аударманы «...Алладан қорғап, сақтауын сұраймын» деп қабылдауға да болады.
3. Аманат дегенде, Хаттабидың айтуынша, артта қалған отбасы, яғни бала-шаға, жар мен мал-мүлік көзделген. Алайда сапар кезіндегі сауда-саттық, адамдармен қарым-қатынас секілді бірқатар әлеуметтік іс-әрекеттер де аманат деп айтылған. Өйткені бұл істерде де қиянат орын алуы мүмкін. Тіпті аманат дегенде бүкіл діни істер көзделген дегендер де баршылық. Өйткені аятта: «Расында, біз аманатты (яғни, өз еркімен Аллаға лайықты құл болу сынды үлкен жауапкершілікті) жеті қат көкке, жерге және тауларға (мойындарыңа алыңдар деп) ұсындық. Алайда олар оны мойындарына алудан қашты, оның ауыр жауапкершілігінен қорықты. Сөйтіп, оны адам баласы өз мойнына алды» (Ахзаб, 72) деп айтылған.
4. «Істердің нәтижесі» дегенде жақсы нәтиже көзделген. Өйткені ақыреттік мәселеде негізгі нәрсе осы. Себебі бұрын жасаған істер жаман болса да ақырындағы жақсы нәтижеге қарай бағаланады. Хадис ғалымдары бұл сөзбен хадистің басқа бір нұсқасында خَوَاتِيمَ عَمَلِكَ деп жетуін де назарға алып, барлық амалдың нәтижесі көзделгенін айтқан. Демек, бұл дұғамен істің ақырының игілігін Алланың қамқорлығы мен панасына тапсыру сұралған.
- 1Әбу Дәуіт, Жиһад 80 (2600); Тирмизи, Дағуат 45, (3439).