Хадисте мойнында ораза қарызы бар күйде дүние салған адамның орнына уәлиі ораза ұстай алатыны айтылған. Ғалымдар бұл риуаятты осы тақырыптағы басқа хабарлармен бірге қарастырып, бірнеше мәселеде пікірге келе алмаған. Қазаның бәрін оразамен өтеу керек пе? Кейбір күннің өтеуі ретінде немесе бүкіл қазаның орнына мұқтажға тамақ беруге бола ма? Оразаны уәлиі ғана өтей ме, өзге адамға да өтеуге рұқсат па?
Хасан Басри «Қарызын өтеу ниетімен отыз адам бір күннен ораза ұстаса, марқұмның отыз күндік қазасы өтеледі», – деген. Хадис ғалымдары дүние салған адамның орнына ораза ұстауға рұқсат деп білген.
Имам Шәфиғи бұрынғы пікірінде бұл хадис сахих болса, марқұмның атынан ораза ұстауға рұқсат деген. Бәйхақи хадистің сахих екенін, соған сүйену керегін айтқан. Бұл пікір бойынша, уәлиінің марқұмның атынан ораза ұстауы мұстахаб, сол арқылы оның қарызы өтеледі. Нәуәуи осы және кейінгі хадистерге сүйеніп, осы пікірді құптайды.
Әбу Ханифа, Мәлик және Шәфиғи кейінгі пікірінде марқұмның атынан ораза ұсталмайды деген. Көптеген фақиһ хадистегі оразаны кәффарат өтеу мағынасында түсіндірген.
Ахмад, Исхақ, Әбу Убәйд және Шәфиғи бұрынғы пікірінде марқұмның атынан тек нәзір оразасын ұстауға болады деген.
Рұқсат берген ғалымдардың арасында «уәли» сөзін кез келген жақын туысы немесе мирасқоры деп түсіндіргендер бар. Бірінші түсіндірме басым саналған.
Денемен жасалатын құлшылықты біреудің орнына атқаруға болмайды деген қағиданы ұстанғандар рұқсат тек уәлиге қатысты ма деген мәселе көтерген. Әдетте тірі адамның атынан да, қайтыс болған адамның атынан да құлшылық өтелмейді. Алайда ғалымдар нақты дәлел келген жағдайды бөлек қарастырған. Кейбірі хадисте көрсетілген шектен шықпау шартымен, уәлидің өтініші бойынша бөтен адамның да марқұм атынан ораза ұстауын қажылықтағы өкілдікке ұқсатып, рұқсат деп білген. Келесі хадис те осы пікірді қуаттайды.