وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ أَفْطَرَ يَوْمًا مِنْ رَمَضَانَ مِنْ غَيْرِ مَرَضٍ وَلَا رُخْصَةٍ، لَمْ يَقْضِهِ صَوْمُ الدَّهْرِ كُلِّهِ وَإِنْ صَامَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَعْلِيقًا وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Кім ауруы да, рұқсат етілген өзге үзірі де болмай, Рамазанда бір күн оразасын ашса, өмір бойы ораза ұстаса да, сол күннің орнын толтыра алмайды», – дегенін жеткізеді.1
Түсіндірме
Бұл хадис Рамазан оразасын шариғи себепсіз әдейі бұзудың ауырлығын көрсетеді. Ибн әл-Мунирдің түсіндіруінше, кейінгі ораза сол күнді өз уақытында ұстаудың артықшылығын қайтара алмайды. Ибн Мәсғудтан «Кім Рамазанда себепсіз бір күн ораза ұстамаса, Аллаға жолыққанша, яғни дүние салғанша ораза ұстаса да, сол күннің орнын толтыра алмайды. Алла қаласа, кешіреді, қаласа, жазалайды» деген хабар жеткен. Бұл риуаятта өз уақытында ұсталмаған ораза үшін де тәубе етуге және Алланың кешірімінен үміттенуге жол ашық екені айтылады.
- 1Бұхари, «Саум», 29 (муаллақ). Тирмизи, «Саум», №723. Әбу Дәуіт, «Саум», №2396.