عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هَلَكْتُ. قَالَ: مَا أَهْلَكَكَ؟ قَالَ: وَقَعْتُ عَلَى أَهْلِي وَأَنَا صَائِمٌ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: هَلْ تَجِدُ رَقَبَةً تُعْتِقُهَا؟ قَالَ: لَا. قَالَ: فَهَلْ تَسْتَطِيعُ أَنْ تَصُومَ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ؟ قَالَ: لَا. قَالَ: فَهَلْ تَجِدُ إِطْعَامَ سِتِّينَ مِسْكِينًا؟ قَالَ: لَا. قَالَ: فَاجْلِسْ. فَبَيْنَا نَحْنُ عَلَى ذَلِكَ إِذْ أُتِيَ ﷺ بِعَرَقٍ فِيهِ تَمْرٌ، فَقَالَ: أَيْنَ السَّائِلُ؟ قَالَ: أَنَا. قَالَ: خُذْ هَذَا فَتَصَدَّقْ بِهِ. قَالَ: أَعَلَى أَفْقَرَ مِنِّي؟ فَوَاللَّهِ مَا بَيْنَ لَابَتَيْهَا أَهْلُ بَيْتٍ أَفْقَرُ مِنَّا، فَضَحِكَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ثُمَّ قَالَ: أَطْعِمْهُ أَهْلَكَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. «الْعَرَقُ»: الزَّنْبِيلُ. «اللَّابَةُ»: الْأَرْضُ ذَاتُ الْحِجَارَةِ السُّودِ الْكَثِيرَةِ، وَهِيَ الْحَرَّةُ، وَلَابَتَا الْمَدِينَةِ حَرَّتَاهَا مِنْ جَانِبَيْهَا.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір адам Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп, “Уа, Алла Елшісі, құрыдым!” – деді. Алла Елшісі:
– Сені құртқан не? – деп сұрады. Әлгі адам:
– Ораза ұстап жүріп, жұбайыммен жақындасып қойдым, – деді. Сонда араларында мынадай әңгіме болды:
– Азат ететін құл таба аласың ба?
– Жоқ.
– Екі ай қатарынан ораза ұстай аласың ба?
– Жоқ.
– Алпыс мұқтажды тамақтандыра аласың ба?
– Жоқ.
– Ендеше, отыр.
Біз солай күтіп отырғанда, Алла Елшісіне іші құрма толы үлкен себет әкелінді. Алла Елшісі “Сұрақ қойған адам қайда?” – деді. Әлгі кісі “Мен мұндамын”, – деді. Алла Елшісі “Мынаны ал да, садақа етіп тарат”, – деді. Ол “Менен де кедей адамға ма? Алламен ант етемін, Мәдинаның екі қара тасты алқабының арасында біздің үйден кедей үй жоқ”, – деді. Алла Елшісі күліп, “Онда мұны отбасыңа жегіз”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадисте Рамазан оразасын ұстап жүріп, жұбайымен жақындасқан адамның кәффарат өтеуі керегі айтылған. Кей ғалымдар қияс арқылы бұл үкімді ораза кезінде әдейі ішіп-жеген адамға да қолданған.
«Кәффарат» сөзі «жабу, бүркеу» мағынасындағы «кә-фә-ра» түбірінен шыққан. Араб тілінде диқанның тұқымды топырақпен жабуын, түннің төңіректі басуын, бұлттың күнді көлегейлеуін осы түбірмен білдіреді. «Күн жұлдыздарды бүркеді» деген мысал да сол мағынаны ашады. Кәффарат – белгілі бір күнәнің өтемі ретінде атқарылатын құлшылық. Рамазанда басталған парыз оразаны шариғи себепсіз бұзу күнә саналады. Хадисте оның өтеуі ретінде құл азат ету, қатарынан екі ай ораза ұстау немесе алпыс мұқтажды бір күн тамақтандыру аталады.
Антты бұзудың, зиһар антының және абайсызда кісі өлтірудің өзіне тән кәффараты бар. Кәффарат өтелгенде, адам сол күнәсінен тазарады.
2. Алла Елшісіне (с.а.с.) жағдайын айтып, сұрақ қойған адамның кім екені анық емес. Кей ғалымдар оны Сүлеймен ибн Саһр немесе Сәләма ибн Саһр деп көрсеткен.
3. Хадис бірнеше нұсқада жеткен. Бірінде бар сөздің екіншісінде кездеспеуі риуаяттан шығатын негізгі үкімді өзгертпейді. Бәрінде Рамазан оразасын қасақана бұзған адамға кәффарат жүктелетіні айтылады.
4. Риуаяттарда әлгі адамның жауабын естіген Алла Елшісінің (с.а.с.) күлгені әртүрлі сипатталады. Бір нұсқада ит тістері, екіншісінде азу тістері көрінгенше күлгені айтылады. Тағы бірінде алдыңғы тістері көрінгені баяндалады.
Ибн Хажардың пікірінше, ثَنَايَاهُ «алдыңғы күрек тістері» деген сөз риуаятта أَنْيَابُهُ «ит тістері» дегеннің орнына қате жазылған болуы мүмкін. Өйткені алдыңғы тіс жай жымиғанда да көрінеді, ал оқиғаның баяндалуы оның жымиюдан асып күлгенін аңғартады. Алла Елшісі (с.а.с.) көбіне жымиып қана күлген. Тіпті оның ақыретке қатысты жайларда күлгені, дүние істерінде көбіне жымиғаны айтылады. Кей ғалымдар оның күлкісін әлгі адамның халіндегі қайшылықпен түсіндіреді. Ол ісінің салдарынан қорқып, қолдан келген өтеуді жасауға дайын болып келгенімен, жеңілдік көргенде садақаға тарат деп берілген құрманы өзіне алғысы келді. Басқалар Алла Елшісі оның сөзінің ұтымдылығына, байыптылығына және ойын жеткізудегі табандылығына күлген дейді.
5. Хадистен алынатын ғибраттар
• Хад жазасына жатпайтын, ижтиһадқа орын бар мәселеде пәтуа сұрап келген адамға жаза қолданылмайды. Алла Елшісі (с.а.с.) Рамазанның құрметін сақтай алмаған бәдәуиді жазаламаған. Қади Ияд оның келіп, пәтуа сұрауынан істегеніне өкінгені көрінетінін айтқан. Пәтуа сұрап келген адамға жаза берілсе, жұрт қорқып, сұрауға келмес еді. Хад жазасына жататын іс бөлек қаралады.
Бұхари «Китаб әл-Мухарибин» бөлімінде хад жазасына жатпайтын күнәсін айтып, имамнан пәтуа сұрап келген адамға жаза қолданылмайтыны туралы арнайы тарау ашқан.
• Кәффарат ретімен өтеледі. Шамасы жеткен адам құл азат етеді, оған мүмкіндігі болмаса, екі ай қатарынан ораза ұстайды, оған да шамасы жетпесе, алпыс мұқтажды тамақтандырады.
Имам Мәлик адамға осы үшеуінің бірін таңдауға ерік берілген деген. Өзге ғалымдар осы ретті сақтау уәжіп деп білген.
• Кәффарат өтеуге шамасы жетпеген мұқтажға жәрдем беруге болады.
• Осы жағдайдағыдай мұқтаж туыстарға кәффараттан беруге рұқсат.
• Сыйлық не садақа бергенде, келісімнің жүзеге асуы үшін оны қолына алу жеткілікті. «Алдым» немесе «Қабыл еттім» деу шарт емес.
• Кәффарат адам асырауға міндетті жандардың нәпақасынан артылған қаражатпен өтеледі. Оған шамасы келмейтін адамнан өтеу талап етілмейді.
• Ешкім талап етпесе де, Алланың атымен не сипаттарымен ант етуге болады.
• Мұқтаждыққа қатысты мәселеде пақыр мен міскіннің өз сөзі негізге алынады. Егжей-тегжейлі тергеу қажет емес. Әлгі адам «Мәдинаның екі шетінің арасында бізден кедей отбасы жоқ» дегенде, Алла Елшісі (с.а.с.) одан дәлел сұрамаған.
• Адам көңілі әбден сенген нәрсеге нақты айғағы болмаса да ант ете алады. Әлгі кісі өз отбасынан мұқтаж жан жоқ деп ант етті. Одан да кедей отбасы болуы мүмкін еді, бірақ Алла Елшісі (с.а.с.) анттың жай-жапсарын қазбалап сұрамады.
• Айтуға ыңғайсыз істі астарлап жеткізген жөн. Әлгі кісі «Әйеліме жақындап қойдым» деп тұспалдаған.
• Шәкіртті ізгілікке баулығанда жұмсақтық таныту – мұстахаб. Дінді насихаттаушы әр сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарауы керек. Сонда ол адамның дінге деген ықыласын суытпай, күнәсіне өкініп, оның салдарынан сақтануына көмектеседі.
• Мешітте намаздан өзге пайдалы діни амал үшін де, мысалы, ілім үйрену үшін отыруға болады.
• Құлшылықта бір-біріне жәрдемдесу – мұстахаб.
• Қиындықта жалғыз қалған мұсылманға қол ұшын беру керек.
• Бір кісіге күнделікті қажетінен артық мөлшерде садақа беруге болады.
• Кәффаратты бір отбасыға беруге болады.
6. Хадистен алынған үкімдер
Айни осы тараудағы хадистерден бірқатар үкім шығарады.2
1. Кейбір ғалымдар риуаяттың бірқатар нұсқасындағы تَصَدَّقْ بِهَا «Мұны садақа етіп тарат» деген сөзге сүйенген. Олардың пікірінше, Рамазанның күндізгі уақытында әдейі әйелімен жақындасқан адам кәффарат өтемей, садақа берумен шектеледі. Бір деректе бұл пікір Имам Мәликке, Ауф ибн Мәлик әл-Әшжағиге және Абдулла ибн Рихамға телінеді. Айни Әбу Һурайра жеткізген толық нұсқа мұндай қорытындыға негіз бермейді деп есептеген.
Кейбір ғалымдардың пікірінше, садақаны түгел өтеуге шамасы жетпеген адам мал-мүлкі жеткілікті болғанша оны кейінге қалдыра алады. Тағы бір пікір бойынша, Алла Елшісі (с.а.с.) бәдәуиге садақа беруді ерікті амал ретінде ұсынған. Мұқтаж болғандықтан, сол сәтте оны міндеттемей, берген құрманы өз отбасына жұмсауына рұқсат еткен.
Шәфиғи ғалымдары бұл мәселеде екі пікір ұстанған. Бір тобы Алла Елшісінің (с.а.с.) кәффаратқа берілген құрманы өзі жеуге рұқсатын сол кісінің кедейлігіне байланысты жасалған жеке жеңілдік деп санаған. Ибн Шиһаб осыған сүйеніп, өз заманында мұндай іс істеген адам кәффарат өтеуге міндетті деген. Кейбір ғалымдар сол үкімнің күші жойылғанын немесе сол сахабаға ғана қатысты болғанын айтқан. Ғалымдардың бір бөлігі оған үш жеңілдік берілгенін көрсетеді.
• Ораза ұстауға шамасы жете тұра, пақырларды тамақтандыруына рұқсат етілген.
• Кәффаратқа берілген құрманы өз қажетіне жұмсауына рұқсат етілген.
• Он бес сағ мөлшерімен шектелуіне рұқсат етілген.3
2. Бұл садақаның мөлшері жөнінде ертедегі ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Имам Шәфиғи мен Имам Мәлик әр пақырға бір муд беру міндетті деп есептеген. Бір муд – бір сағтың төрттен бірі. Әбу Дәуіттің Хишам ибн Сағдтан жеткізген нұсқасында себетте он бес сағ құрма болғаны айтылады.
Шәфиғилер кәффарат мөлшерін белгілеуде осы түсіндірмені негізге алады. Ханафилерде пітір садақасы бидайдан жарты сағ, құрмадан бір сағ болып белгіленген. Мұны қуаттайтын риуаяттар да бар. Дарақутнидің Ибн Аббастан жеткізген бір риуаятында зиһар кәффараты үшін «Күн сайын бір пақырға бір сағ бидай беріңдер» делінеді.
3. Шәфиғи, Дәуіт әз-Заһири және заһирилер осы хадиске сүйеніп, ерлі-зайыптыларға бір кәффарат жеткілікті деген. Олар Алла Елшісінің (с.а.с.) әйелге қатысты бөлек үкім айтпағанын негізге алады. Әбу Ханифа, Мәлик және Әбу Сәур жақындасуға өз еркімен келіскен әйел де кәффарат өтеуге міндетті деп есептеген. Әузағи бұл мәселеде өз ықтиярымен келіскен әйел мен мәжбүрленген әйелді бөлек қарастырмаған. Мәлики мәзһабындағы кең тараған пікір бойынша, ер адам мәжбүрленген әйелдің атынан кәффаратты оразадан өзге жолмен өтейді. Кейбір ғалымдар мәжбүрленген әйел үшін еріне де, әйелдің өзіне де бөлек кәффарат міндеттелмейді деген.
4. Кәффарат өтеу үшін алпыс пақырды тамақтандырады. Хасан Басриден жеткен бір деректе қырық пақырға жиырма сағ тағам беру жеткілікті делінген.
Әбу Ханифа алпыс пақырға тиесілі мөлшерді бір пақырға беруге рұқсат еткен. Бұл жағдайда оны бір күнде түгел бермей, алпыс күнге бөліп береді. Өйткені әр үлесті жеке беру – уәжіп.
5. Кәффарат түрлерін белгіленген ретпен орындау – уәжіп. Әуелі құл азат етіледі. Оған мүмкіндік болмаса, екі ай ораза ұсталады. Екі ай үзбей ораза ұстауға шамасы келмеген адам алпыс пақырды тамақтандырады. Имам Мәлик осы үш жолдың бірін таңдауға болады деген.
6. Хадисте азат етілетін құлға қатысты шектеу қойылмаған. Сондықтан оның мұсылман болуы шарт емес. Ер не әйел, ересек не бала болуы да үкімді өзгертпейді.
7. Кәффарат оразасын екі ай үзбей ұстау шарт. Араға Рамазан немесе ораза ұстауға тыйым салынған айт күндері түспеуі керек. Ибн Әбу Ләйладан өзге ғалымдар осы пікірді ұстанған.
8. Екі ай кәффарат оразасын ұстаған адам бұзған күннің қазасын бөлек өтей ме? Әбу Ханифа мен шәкірттері, Имам Мәлик, Суфиян әс-Сәури, Әбу Сәур, Ахмад пен Исхақ (Алла оларға рақым етсін) қазасын өтеу керек деген. Әузағи құл азат ету немесе тамақтандыру арқылы кәффарат өтелсе, сол күннің қазасы бөлек ұсталатынын айтқан. Ал екі ай ораза ұстаса, бұзылған күннің қазасы соның ішіне кіреді деп есептеген. Қазаны бөлек өтеу керек дегендер Ибн Мәжаның Әбу Һурайрадан жеткізген нұсқасындағы «Бұзған күнінің орнына бір күн ораза ұстасын» деген сөзді негізге алады.
9. Ханафилердің пікірінше, бір Рамазанда бірнеше рет әйелімен жақындасқан адамға әр ісі үшін бөлек кәффарат қажет емес. Бұрынғы Рамазаннан кәффарат қарызы өтелмей қалып, кейінгі Рамазанда да сондай іс қайталанса, бәріне бір кәффарат жеткілікті. Мәлик, Шәфиғи және Ахмад әрқайсысына жеке кәффарат қажет деген. Ханафилердің өзінде де кәффарат өтелгеннен кейін сондай іс қайта жасалса, жаңа кәффарат міндеттеледі.
10. Хадис мүлікті тұспалдап айтылған сөзбен де біреудің иелігіне өткізуге болатынын көрсетеді. تَصَدَّقْ بِهَذَا «Мұны садақа ет» деген сөз соған дәлел. Құртубидің түсіндіруінше, әлгі адам себеттегі құрманы өз кәффараты үшін садақа ете алуы үшін әуелі оның иелігіне өтуі керек.
- 1Бұхари, «Саум», №1935–1937, «Һиба», 20, «Нафақат», 13, «Әдеп», 68, 95, «Кәффарат әл-әйман», 3–4, «Худуд», 26. Мүслим, «Сиям», №1111. Мәлик, «Муатта», «Сиям», 28 (1/296–297). Әбу Дәуіт, «Саум», №2390–2393. Тирмизи, «Саум», №724.
- 2Маңызды тұстары ықшамдалып берілді.
- 3Кейбір риуаяттарда себетте он бес сағ құрма болғаны айтылады.