وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ أَنَسَ بْنَ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَبِرَ حَتَّى كَانَ لَا يَقْدِرُ عَلَى الصِّيَامِ فَكَانَ يَفْتَدِي».
Имам Мәликке жеткен хабарға қарағанда, Әнәс ибн Мәлик (р.а.) қартайып, ораза ұстауға шамасы келмеген кезде пидия берген.1
Түсіндірме
1. Алла Елшісінің (с.а.с.) қызметінде болған Әнәс ибн Мәлик – «муаммарин», яғни ұзақ жасаған сахабалардың бірі. Деректерде оның тоқсан тоғыз бен жүз он жас аралығында дүние салғаны айтылады. Риуаятқа қарағанда, ол өмірінің соңында қалжырап, ораза ұстауға шамасы келмегенде пидия берген.
Имам Мәлик Әнәстің ұстай алмаған оразасы үшін пидия беруін уәжіп деп санамаған. «Шамасы жетсе, пидия бергенін құп көремін», – деген.
Имам Мәликтің пікірінше, ораза ұстауға шамасы келмейтін адамға ораза парыз болмағандықтан, пидия да міндеттелмейді. Әнәс пидияны мұстахаб амал ретінде берген. Алла Тағала шамасы жетпейтін адамға оразаны міндеттемеген.
Ибн Абдулбәрр: «Ораза пидиясының міндеттілігі Құранмен, сахих сүннетпен немесе ижмамен бекітілмеген. Парыз осы үш жолдың бірімен белгіленеді», – деген.
- 1Муатта, «Сиям», №51 (1/307).