وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَتْ: «أَفْطَرْنَا عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يَوْمَ غَيْمٍ، ثُمَّ طَلَعَتِ الشَّمْسُ». قِيلَ لِهِشَامٍ: فَأُمِرُوا بِالْقَضَاءِ؟ قَالَ: «لَا بُدَّ مِنْ قَضَاءٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.) «Алла Елшісінің (с.а.с.) заманында бір бұлтты күні ауыз аштық. Артынша күн бұлт арасынан көрінді», – деген. Хишамнан «Қазасын өтеу бұйырылды ма?» – деп сұралғанда, ол «Қазасыз бола ма?» – деп жауап берген.1
Түсіндірме
Бұл хадис аспанды бұлт басып, күн батты деп ауыз ашқаннан кейін күннің батпағаны анықталған жағдайға қатысты. Ғалымдар бұл жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Төрт мәзһаб имамы бастаған көпшілік ғалым қателесіп ерте ашқан оразаның қазасын өтеуді уәжіп санаған.
- 1Бұхари, «Саум», 46 (№1959). Әбу Дәуіт, «Саум», №2359. Бұхари келтірген Мағмардың нұсқасында Һишам «Қазасын өтеді ме, білмеймін», – деген.