وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كُنْتُ أَنَا وَحَفْصَةُ صَائِمَتَيْنِ، فَأُهْدِيَ لَنَا طَعَامٌ فَأَكَلْنَا مِنْهُ، فَدَخَلَ النَّبِيُّ ﷺ، فَقَالَتْ حَفْصَةُ، وَبَدَرَتْنِي بِالْكَلَامِ وَكَانَتْ بِنْتَ أَبِيهَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي أَصْبَحْتُ أَنَا وَعَائِشَةُ صَائِمَتَيْنِ مُتَطَوِّعَتَيْنِ، فَأُهْدِيَ لَنَا طَعَامٌ فَأَفْطَرْنَا عَلَيْهِ، فَقَالَ ﷺ: اقْضِيَا مَكَانَهُ يَوْمًا آخَرَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Хафса екеуіміз ораза ұстаған едік. Бізге ас сыйға келді де, одан жедік. Алла Елшісі (с.а.с.) кіргенде, әкесіне тартқан Хафса менен бұрын сөйлеп, “Уа, Алла Елшісі! Екеуіміз оразаға ниет етіп таң атырған едік. Бізге ас әкелінген соң, одан жедік”, – деді. Алла Елшісі “Оның орнына басқа күні ораза ұстаңдар”, – деді».1
Түсіндірме
Зурқанидің түсіндіруінше, бұл бұйрық нәпіл оразаны бұзған адамның қазасын өтеуі уәжіп екенін білдіреді. Әбу Ханифа, Әбу Сәур және Мәлик осылай үкім берген. Шәфиғи, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Рахауия қазасы міндетті емес, басталған нәпіл құлшылықты аяқтау мұстахаб деген. Қазаны уәжіп дегендер «Содан кейін оразаны түнге дейін толық ұстаңдар» («Бақара» сүресі, 187-аят) және «Кім Алланың қасиетті қылғандарын құрметтесе, бұл Раббысының алдында өзі үшін қайырлы» («Хаж» сүресі, 30-аят) деген аяттарға да сүйенеді. Бұл пікірді қуаттайтын хадистің бірі «Қайсыбірің асқа шақырылса, шақыруды қабылдасын. Ораза ұстамаса, тамақтансын» деген. Бірінші аяттағы бұйрық жалпы айтылып, парыз бен нәпілді де қамтиды. Екінші аят Алла қасиетті еткен нәрселерді құрметтеуге үндейді. Бұл пікірді ұстанғандар оразаны бұзуды сол құрметке сай келмейтін іс деп түсінген.
Нәпіл оразаны бұзған адамға қазасы міндетті емес дегендер Үммі Һанидің мына риуаятына сүйенеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) қасыма кіргенде, ораза ұстап жүрген едім. Жанымдағы ыдыста сүт бар болатын. Ол ішіп, маған ұсынды. Мен де іштім. Содан кейін “Ораза ұстап едім, бірақ сізден қалған дәмді қайтарғым келмеді”, – дедім. Ол “Бұл Рамазанның қазасы болса, орнына бір күн ораза ұста. Басқа ораза болса, қаласаң, қазасын өте, қаламасаң, өтеме”, – деді».
Зурқани бұл мәселені өз түсіндірмесінде кеңінен қарастырған.
- 1Мәлик, «Муатта», «Сиям», 50 (1/306). Әбу Дәуіт, «Саум», №2457. Тирмизи, «Саум», №735.