وَعَنْ حَسَّانِ بْنِ إِبْرَاهِيمَ قَالَ: سَأَلْتُ هِشَامَ بْنَ عُرْوَةَ عَنْ قَطْعِ السِّدْرِ، وَهُوَ مُسْتَنِدٌ إِلَى قَصْرِ عُرْوَةَ. فَقَالَ: أَتَرَى هَذِهِ الْأَبْوَابَ وَالْمَصَارِيعَ كُلَّهَا؟ إِنَّمَا هِيَ مِنْ سِدْرِ عُرْوَةَ كَانَ عُرْوَةُ يَقْطَعُهُ مِنْ أَرْضِهِ؛ وَقَالَ: لَا بَأْسَ بِهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Хассан ибн Ибраһим былай дейді: «Хишам ибн Уруадан сидр ағашын кесуге бола ма деп сұрадым. Ол Уруаның үйіне сүйеніп отырған еді. Маған: “Мына есіктер мен олардың жармаларын көріп тұрсың ба? Бәрі де Уруаның сидр ағашынан жасалған. Уруа оны өз жерінен кесіп алып, ‘Мұның әбестігі жоқ’, – деген”, – деп жауап берді». Басқа риуаятта Хишамның оған: «Әй, ирактық! Бұл тыйым – сен шығарған бидғат», – дегені айтылады. Сонда Хассан ибн Ибраһим: «Жоқ, бұл бидғат сендерден шыққан. Мен Меккеде біреудің “Сидр ағашын кескен адамға Алланың лағынеті болсын!” дегенін естідім», – деп жауап берген.1
Түсіндірме
Соңғы екі риуаят сидр ағашын кесуге тыйым салынған-салынбағаны жайында. Кей жерлерде бұл ағаш «Арабия шиесі» деп аталады. Ол Құранда бірнеше жерде аталған. Жапырағын кептіріп, ұнтақтаған да, жуынғанда сабын орнына қолданған. Екі риуаяттан аңғарылғандай, бұл ағашты кесуге бола ма деген мәселе талас тудырған. «Кәшфуз-зунун» еңбегіндегі дерекке қарағанда, имам Суюти осы тақырыпта «Рафғул-хазар ан қатғис-сидр» атты рисала да жазған.
Бұл мәселені талқылаған ғалымдар сидр ағашын кесуге болады деп үкім берген. Оны кесуге үзілді-кесілді тыйым салатындай қасиеттілік жоқ. Әбу Дәуіттің ескертуінше, тыйым ағаштың жұртқа тигізетін пайдасына байланысты. Демек, бұл хадис ел билігінің заман мен жағдайға қарай кейбір ағаштарды кесуді шектеуіне, тіпті тыйым салуына шариғи дәлел бола алады. Түсіндірмелерде бұл мәселе кеңірек қарастырылған. Бізге осы айтылғаны жеткілікті.
- 1Әбу Дәуіт, Әдәб 171 (5241).