وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: مُرَّ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ بِحِمَارٍ قَدْ وُسِمَ فِي وَجْهِهِ، فَقَالَ: لَعَنَ اللَّهُ مَنْ وَسَمَهُ، وَنَهَى عَنِ الضَّرْبِ فِي الْوَجْهِ، وَعَنِ الْوَسْمِ فِيهِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Жабир (р.а.) жеткізеді: «Біреулер бетін күйдіріп таңба салынған есекті жетектеп, Алла елшісінің (с.а.с.) жанынан өтті. Ол: “Мына есектің бетіне таңба салғанға Алланың лағынеті болсын!” – деді. Сөйтіп, беттен ұруға да, бетке таңба салуға да тыйым салды».1
Түсіндірме
Арабша «уәсм» сөзі белгі қою, таңбалау дегенді білдіреді. Қазақта мұны «ен салу» дейді. Ауылда әр отбасының өзіне тән ені болады. Сол ен арқылы малдың иесін таниды. Көбіне малдың құлағын күйдіріп, тесіп, тіліп немесе жарып ен салады.
Бұл хадисте малдың бетіне таңба салуға тыйым салынған. Өйткені таңба өшпей қалады да, малдың табиғи ажарын бұзады.
2. Нәуәуи былай дейді: «Адам болсын, мал болсын, құрметке лайық тіршілік иесін бетінен ұруға тыйым салынған. Бұл тұрғыда есек, ат, түйе, қашыр, қойдың бәріне бірдей үкім жүреді. Адамға қатысты тыйым қатаңырақ. Өйткені жүз – адамның көркі. Оның үстіне бет өте нәзік, соққыдан із қалса, өңін бұзуы немесе сезім мүшелерінің біріне зақым келтіруі мүмкін.
Бетке таңба салуға тыйым салынғанына ғалымдар бірауыздан келіскен. Малдың бетінен басқа жеріне таңба салуға рұқсат етіледі».
Алла елшісінің (с.а.с.) малдың құлағына өзі ен салғанын жеткізетін риуаяттар бар. Келесі екі риуаят осыған қатысты. Дегенмен күйдіріп таңба салуды мәкруһ санаған ғалымдар да болған.
- 1Мүслим, Либас 106 (2116); Әбу Дәуіт, Жиһад 56 (2564); Тирмизи, Жиһад 30 (1710).