Хадис

Кутуб ситтә, № 5966

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5966 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 32
5966
Кутуб ситтә, № 5966 · тараудағы реті: 32Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قِيلَ يَا رَسُولَ اللَّهِ، الْقِرَدَةُ وَالْخَنَازِيرُ، هِيَ مِمَّا مَسَخَ اللَّهُ تَعَالَى؟ فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَمْ يُهْلِكْ قَوْمًا فَجَعَلَ لَهُمْ نَسْلًا، وَإِنَّ الْقِرَدَةَ وَالْخَنَازِيرَ كَانَتْ قَبْلَ ذَلِكَ. أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізеді: «Біреу: “Уа, Алла елшісі! Маймыл мен доңыз Алла Тағала бейнесін өзгерткен адамдар ма?” – деп сұрағанда, ол: “Алла Тағала бір қауымды жойса, олардың ұрпағын таратпайды. Маймыл мен доңыз бұған дейін де болған”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Алдыңғы хадисте айтылғандай, мәсх – адамның маймыл, доңыз сияқты жануар бейнесіне айналуы. Исраил ұрпағының бір тобы осылай жазаланған. Бұл хадис олардың ұрпақ қалдырмай, өлгенде нәсілі үзілгенін және маймыл мен доңыздың сол оқиғадан бұрын да жануар ретінде өмір сүргенін білдіреді. Демек, қазір жер бетіндегі доңыз бен маймылдың бейнесі өзгертілген сол адамдармен байланысы жоқ.

Дегенмен бұрынғыдай бүгін де рухани мәсх туралы айтуға болады. Жаратушының әмірін ұстанбай, нәпсінің жетегінде жүрген адам рухани, адамгершілік қасиеттерінен айырылып, қылығына қарай доңыз, ит, қасқыр, аю, жылан не маймыл тәрізді бейнеге түседі. Аталған аңдардың әрқайсысының өзіне тән қылығы бар. Мысалы, маймылға еліктегіштік, жыланға қиянатшылдық тән, ал доңыз ласқа үйір.

Батыс мәдениетінің адамды рухани болмысынан айырып, мәсхке ұшырататыны туралы Бәдиуззаман еңбектерінде жиі айтады. Солардың бірінде былай дейді: «Батыстың мәдениетсымағы адамның тән құмарлығын қандырып, көңілі қалаған нәрсеге оңай жетуін көздейді. Мұның бәрі адамды періште дәрежесінен құлдыратып, ақырында итке айналдырады. Осылайша рухани мәсхке себеп болады. Осы мәдениеттілердің көбі ішкі дүниесін сыртқа шығарса, қасқыр, аю, доңыз бен маймыл кейпіне түсер еді деп ойлайсың».

Тағы бір сөзінде былай дейді: «Уа, кәпірлердің көптігі мен имансыздықта ауызбіршілік танытқанын көріп, сенімі шайқалған бейшара адам! Біліп қой, сапа санмен өлшенбейді. Қарасаң, жер бетінде жануар көп, адам аз. Аз болса да адам олардан үстем, соларды басқарады. Мүміндер қиянатшыл кәпірлер мен солардың жолына түскен жандарға қарап, Алланың өздеріне берген нығметінің қадірін түсінеді. Алла ақыретте әлгі кәпірлерді өздеріне тиесілі тозаққа тастайды».

Адамның рухани мәсхке ұшырауы туралы бұл түсіндірме адамның жануардан да төмен түсуі мүмкін екенін білдіретін мына аяттың мәнін ашады: ﴿وَلَقَدْ ذَرَأْنَا لِجَهَنَّمَ كَثِيرًا مِّنَ ٱلْجِنِّ وَٱلْإِنسِ لَهُمْ قُلُوبٌ لَّا يَفْقَهُونَ بِهَا وَلَهُمْ أَعْيُنٌ لَّا يُبْصِرُونَ بِهَا وَلَهُمْ ءَاذَانٌ لَّا يَسْمَعُونَ بِهَآ أُو۟لَٰٓئِكَ كَٱلْأَنْعَٰمِ بَلْ هُمْ أَضَلُّ أُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلْغَٰفِلُونَ﴾ «Біз расында көптеген жындар мен адамдарды тозақ үшін жараттық. Олардың жүрегі бар, алайда онымен ойланбайды. Көздері бар, алайда онымен көрмейді. Құлақтары бар, онымен естімейді. Сондықтан олар мал сияқты, тіпті одан да бетер. Олар – ғапылдардың нақ өзі».2

  1. 1Мүслим, Қадар 33 (2663).
  2. 2Aғраф, 179.