Хадис

Кутуб ситтә, № 5967

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
956. Әртүрлі мәселелер
Нөмірі
№ 5967 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 33
5967
Кутуб ситтә, № 5967 · тараудағы реті: 33Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: هَلْ رُؤِيَ فِيكُمْ الْمُغَرِّبُونَ؟ قُلْتُ: وَمَا الْمُغَرِّبُونَ؟ قَالَ: الَّذِينَ يَشْتَرِكُ فِيهِمُ الْجِنُّ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) бірде: “Араларыңда мұғрибтер байқалды ма?” – деп сұрады. Мен: “Мұғрибтер деген кімдер?” – дедім. Ол: “Олар – араларына жын араласқан адамдар”, – деді».1

Түсіндірме

«Мұғриб» сөзі «алыс» мағынасындағы «ғарибпен» түбірлес. Отбасынан алыста жүрген адамды «ғариб», яғни «ғаріп» деген. «Мұғриб» сөзі де тегінен, түп-тамырынан алыстаған адамды білдіреді. Хаттаби хадисте жын араласқан адамдардың «мұғриб» аталуын табиғаты жат болмыспен араласқан соң өз тегінен, төл қасиеттерінен алыстауымен түсіндіреді.

Кей түсіндірмешілер «араларына жын араласты» дегенді жындардың адамдарды зинаға итермелеуі, ойнасты жақсы етіп көрсетуі, сөйтіп ұрпақты аздыруы деп түсінген. Аятта да былай делінеді: «Алла шайтанға: ﴿قَالَ ٱذْهَبْ فَمَن تَبِعَكَ مِنْهُمْ فَإِنَّ جَهَنَّمَ جَزَآؤُكُمْ جَزَآءً مَّوْفُورًا ۝ وَٱسْتَفْزِزْ مَنِ ٱسْتَطَعْتَ مِنْهُم بِصَوْتِكَ وَأَجْلِبْ عَلَيْهِم بِخَيْلِكَ وَرَجِلِكَ وَشَارِكْهُمْ فِى ٱلْأَمْوَٰلِ وَٱلْأَوْلَٰدِ وَعِدْهُمْ﴾ “Алла оған: ‘Кет ендеше! Олардың арасынан кімде-кім саған ерсе, жазаларың расында да тозақ болады. Жаза болғанда да жетіп артылатын жаза!’ ‘Білгеніңді істе, шамаң келгенді сұрқия дауысыңмен азғырып, түрте бер! Оларға атты әрі жаяу жендеттеріңмен атой салып, шабуыл жаса. Мал-пұлдары мен бала-шағаларына ортақтас бол һәм оларға жиі уәде бер!”2 – деді».

«Фатхул-уадудта» бір ғалымның мынадай түсіндірмесі берілген: «Мұғриб – ерлі-зайыптылық қатынас кезінде Алланы еске алмағандықтан, сол ісіне шайтан араласқан адам».

Кейбір ғалымдар «мұғриб – адам мен жынның қосылуынан туған жан» деп жорамалдаған. Олардың түсіндіруінше, оның тегі араласып, жаратылыс негізінен алыстаған. Бір риуаятта: «Уа, әйелдер! Араларыңда жынның өзімен жақындасқанын сезетін біреу бар ма?» – делінеді. Мұнымен Алла елшісі (с.а.с.) жындардың кей әйелдерге ғашық болып, олармен жақындасуы мүмкін деген жайтқа назар аудартса керек.

Бұл мәселені ғылым тұрғысынан әзірге түсіндіру қиын болғанымен, автор оның дін тұрғысынан мәні бар деп санайды. Алла елшісі (с.а.с.) шайтан араласпасын деп ерлі-зайыптыларға жақындасар алдында дұға оқуды айтқан. Сол қатынастан бала бітсе, шайтан оған зиян тигізе алмайтынын білдірген. Жаңа туған баланың құлағына азан мен қамат айтуды да көрсеткен.

Мүмін хикметін ұқпаса да, ақылмен түсіндіріп бере алмаса да, уахиге сүйеніп сөйлеген Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кеңесіне құлақ асады. Бұл – Аллаға құл болудың және Пайғамбарға үмбет болудың әдебі.

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб 116 (5107).
  2. 2«Исра» сүресі, 63–64-аяттар.