عَنْ عَلِيٍّ كَرَّمَ اللَّهُ وَجْهَهُ قَالَ: «كُنَّا فِي جَنَازَةٍ فِي بَقِيعِ الْغَرْقَدِ، فَأَتَانَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، فَقَعَدَ وَقَعَدْنَا حَوْلَهُ، وَمَعَهُ مِخْصَرَةٌ فَنَكَّسَ فَجَعَلَ يَنْكُتُ بِمِخْصَرَتِهِ، ثُمَّ قَالَ: “مَا مِنْكُمْ مِنْ أَحَدٍ، مَا مِنْ نَفْسٍ مَنْفُوسَةٍ، إِلَّا وَقَدْ كَتَبَ اللَّهُ مَكَانَهَا مِنَ الْجَنَّةِ وَالنَّارِ، وَإِلَّا وَقَدْ كُتِبَتْ شَقِيَّةً أَوْ سَعِيدَةً”. قَالَ: فَقَالَ رَجُلٌ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَفَلَا نَمْكُثُ عَلَى كِتَابِنَا وَنَدَعُ الْعَمَلَ؟” فَقَالَ: “مَنْ كَانَ مِنْ أَهْلِ السَّعَادَةِ، فَسَيَصِيرُ إِلَى عَمَلِ أَهْلِ السَّعَادَةِ، وَمَنْ كَانَ مِنْ أَهْلِ الشَّقَاوَةِ، فَسَيَصِيرُ إِلَى عَمَلِ أَهْلِ الشَّقَاوَةِ”. قَالَ: “اِعْمَلُوا فَكُلٌّ مُيَسَّرٌ، أَمَّا أَهْلُ السَّعَادَةِ فَيُيَسَّرُونَ لِعَمَلِ أَهْلِ السَّعَادَةِ، وَأَمَّا أَهْلُ الشَّقَاوَةِ فَيُيَسَّرُونَ لِعَمَلِ أَهْلِ الشَّقَاوَةِ”. ثُمَّ قَرَأَ: ﴿فَأَمَّا مَنْ أَعْطَى وَاتَّقَى وَصَدَّقَ بِالْحُسْنَى فَسَنُيَسِّرُهُ لِلْيُسْرَى وَأَمَّا مَنْ بَخِلَ وَاسْتَغْنَى وَكَذَّبَ بِالْحُسْنَى فَسَنُيَسِّرُهُ لِلْعُسْرَى﴾».
Әли (Алла оның жүзін ардақты етсін) былай деді: «Біз Бақиғ әл-Ғарқадта бір жаназаға қатысып отырған едік. Алла Елшісі (с.а.с.) қасымызға келіп отырды, біз де оны айнала отырдық. Оның қолында шағын таяқша бар еді. Ол басын төмен салып, таяқшасымен жерді шұқылай бастады. Содан кейін: “Сендердің араларыңдағы бірде-бір адамның, тіпті жаратылған бірде-бір жанның Жәннаттағы немесе Тозақтағы орны Алла тарапынан жазылмай қалған емес. Оның бақытсыз не бақытты болары да жазылып қойған”, – деді. Сонда бір кісі: “Уа, Расулалла! Ендеше, өзімізге жазылғанға сүйеніп, амал етуді қоя салмаймыз ба?” – деп сұрады. Ол (с.а.с.): “Кім бақытқа кенелетіндердің қатарынан болса, бақытты жандардың амалдарына бет алады. Ал кім бақытсыздыққа душар болатындардың қатарынан болса, бақытсыз жандардың амалдарына бет алады”, – деді. Содан соң: “Амал етіңдер! Өйткені әркімге өз жолы жеңілдетіледі. Бақытқа кенелетіндерге бақытты жандардың амалы жеңілдетіледі, ал бақытсыздыққа душар болатындарға бақытсыз жандардың амалы жеңілдетіледі”, – деді. Содан кейін мына аяттарды оқыды: “Сондықтан кімде-кім мал-дүниесін Алла жолында жұмсап, Аллаға қарсы келуден сақтанса, Һәм ең абзал нәрсені шын жүрегімен растаса, Біз ол үшін мәңгілік бақытқа жеткізетін жолды жеңілдетеміз. Ал кімде-кім сараңдық қылса және өзіне толық сеніп, Аллаға еш мұқтаж еместей әрекет етсе, әрі ең абзал нәрсені жалғанға шығарса, ол үшін ауыр, жаман жолды жеңілдетіп қоямыз.” («Ләйл», 5–10)» (2647/6).