Хадис

Айт намазы

Муатта, 11-кітап · 13 хадис · № 1–13

Мазмұны: 7 бап
  1. 1Айт күндері ғұсыл алу, азан және қамат
  2. 2Айт намаздарын құтбадан бұрын оқу
  3. 3Ораза айт күні намаздан бұрын бір нәрсе жеу
  4. 4Айт намаздарында тәкбір айту және Құран оқу
  5. 5Айт намаздарынан бұрын және кейін басқа намаздың оқылмауы
  6. 6Айт намаздарынан бұрын және кейін басқа намаз оқуға рұқсат етілген жағдайлар
  7. 7Айт күні имамның намаз уақыты кіргенше мешітке келуі және жамағаттың құтбаны тыңдамай кетпеуі

1-бапАйт күндері ғұсыл алу, азан және қамат

1
Муатта, 11-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ғұламаларымыздың көбінен мына сөзді естідім: “Алла елшісінің (с.а.с.) заманынан бері ораза және құрбан айт намаздары үшін азан айтылмайды және қамат түсірілмейді1”».

Имам Мәлик бұл мәселеге мынаны да қосады: «Бұл – орындалуы жөнінде арамызда ешқандай қайшылық жоқ сүннет».

  1. 1Ибн Аббас пен Жәбир ибн Абдуллаһтан марфуғ түрінде жеткен. Бұхари, «Идәйн», 13/7; Муслим, «Салат әл-идәйн», 8/5.
2
Муатта, 11-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар ораза айт күні намазға бармас бұрын ғұсыл алатын1».

  1. 1Шәйбани, 69, 70.

2-бапАйт намаздарын құтбадан бұрын оқу

3
Муатта, 11-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) құрбан және ораза айт намаздарын құтбадан бұрын оқитын1».

  1. 1Ибн Омардан марфуғ түрінде жеткен. Бұхари, «Идәйн», 13/7; Муслим, «Салат әл-идәйн», 8/8. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 232. Айт намазы – уәжіп, екі рәкағаттан тұрады. Бірінші рәкағатта «Субханакадан» кейін, екінші рәкағатта қосымша сүреден кейін қолды байламай, үш-үш реттен тәкбір алынады.
4
Муатта, 11-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Әзірет Әбу Бәкір мен Әзірет Омар да ардақты Пайғамбар сияқты айт намаздарын құтбадан бұрын оқитын болған1».

  1. 1Ибн Аббастан марфуғ түрінде жеткен. Бұхари, «Идәйн», 13/8; Муслим, «Салат әл-идәйн», 8/1.
5
Муатта, 11-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Ибн Әзһардың азат еткен құлы Әбу Убайдтан риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттабпен бірге бір айт намазына қатыстым. Ол айт намазын оқығаннан кейін жамағатқа құтба оқып, былай деді: “Алла елшісі (с.а.с.) жылына екі күн ораза ұстауға тыйым салды. Бұлардың бірі – ораза айт күні, екіншісі – құрбан айттың алғашқы күні1”».

Әбу Убайд былай деген: «Бір айтта Осман ибн Аффанмен бірге болдым. Ол да келіп, айт намазын оқыды, содан кейін құтба оқыды. Құтбада: “Бүгін екі айт бір күнге келді. Айналадан келгендердің ішінен қалағандары жұма намазының уақытына дейін күтсін, қаламағандары қайтсын”, – деді2. Әзірет Осман қоршауға алынған жылы Әли ибн Әбу Талибпен бірге едім. Ол да дәл солай келіп, айт намазын оқығаннан кейін құтба оқыды3».

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/66; Муслим, «Сиям», 13/138.
  2. 2Әбу Һурайрадан мағынасы жағынан марфуғ түрінде жеткен. Әбу Дәуіт, «Салат», 2/219; Ибн Мәжа, «Иқамат әс-салат», 5/166.
  3. 3Шәйбани, 232.

3-бапОраза айт күні намаздан бұрын бір нәрсе жеу

6
Муатта, 11-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруә әкесінен жеткізеді: «Ол ораза айт күні айт намазына бармас бұрын тамақ жейтін1».

  1. 1Әнәстан марфуғ түрінде жеткен. Бұхари, «Идәйн», 13/4.
7
Муатта, 11-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: «Ораза айт күні мұсылмандарға намазға бармас бұрын тамақ жеу бұйырылатын».

Имам Мәлик бұл риуаятқа қатысты былай дейді: «Құрбан айт күні халықтың бұлай істеуі қажет емес».

4-бапАйт намаздарында тәкбір айту және Құран оқу

8
Муатта, 11-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Утба ибн Мәсғудтың немересі Убайдуллаһ ибн Абдуллаһ жеткізеді: «Омар ибн Хаттаб Әбу Уақид әл-Ләйсиден ардақты Пайғамбардың ораза айт және құрбан айт намаздарында нені оқығанын сұрады. Ол: “‘Қаф уәл-Құранил-мәжид’ және ‘Иқтарабатис-сағату уәншаққал-қамар’ аяттарымен басталатын сүрелерді оқитын”, – деп жауап берді1».

  1. 1Шәйбани, 236.
9
Муатта, 11-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың азат еткен құлы Нәфиғтан риуаят етіледі: «Әбу Һурайрамен бірге құрбан айтта және ораза айтта болдым. Ол бірінші рәкағатта Фатиха мен қосымша сүреден бұрын жеті тәкбір алды, соңғы рәкағатта Фатиха мен қосымша сүреден бұрын бес тәкбір алды1».

Имам Мәлик бұл риуаятқа қатысты былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да айт намазының тәкбірлері осынша».

Имам Мәлик айт намазына үлгере алмаған адам жайында тағы былай дейді: «Оған мешітте де, үйінде де айт намазын жалғыз өзі оқу міндетті емес. Егер оқыса, еш әбестік жоқ. Бірінші рәкағаттың басында жеті, екінші рәкағаттың басында қырағаттан бұрын тағы бес тәкбір алады2».

  1. 1Айшадан марфуғ түрінде жеткен. Әбу Дәуіт, «Салат», 2/242.
  2. 2Ханафи мәзһабы бойынша, айт намаздарындағы қосымша тәкбірлер бірінші рәкағатта үш, екінші рәкағатта үш болып, барлығы алты тәкбірден тұрады.

5-бапАйт намаздарынан бұрын және кейін басқа намаздың оқылмауы

10
Муатта, 11-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар ораза айт күні айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымайтын1».

Имам Мәлик былай деп жеткізеді: «Естуімше, Сағид ибн Мусәйяб айт намазына таң намазын оқығаннан кейін, күн шықпай тұрып баратын».

  1. 1Ибн Аббастан мағынасы жағынан марфуғ түрінде жеткен. Бұхари, «Идәйн», 13/16; Муслим, «Салат әл-идәйн», 8/13. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 234.

6-бапАйт намаздарынан бұрын және кейін басқа намаз оқуға рұқсат етілген жағдайлар

11
Муатта, 11-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасымнан риуаят етіледі: «Әкем Қасым айт күні айт намазына бармай тұрып төрт рәкағат намаз оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 235.
12
Муатта, 11-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруә әкесінен жеткізеді: «Әкем ораза айт күні намаздан бұрын мешітте намаз оқитын».

7-бапАйт күні имамның намаз уақыты кіргенше мешітке келуі және жамағаттың құтбаны тыңдамай кетпеуі

13
Муатта, 11-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ораза айт пен құрбан айтқа қатысты арамызда қайшылықсыз қалыптасқан дәстүр бар. Ол – имам айт намазының уақытынан бұрын үйінен шығады, намаз оқитын жерге келгенде айт намазының уақыты кірген болады1».

Яхияның риуаяты бойынша, Имам Мәликтен: «Имамға ұйып айт намазын оқыған адамның құтбаны тыңдамай мешіттен шығып кетуі дұрыс па?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ, имам құтбаны бітірмейінше, жамағаттың кетуі дұрыс емес», – деп жауап берді.

  1. 1Біздің елде қолданылатын тәртіп бұдан өзгеше. Таң намазынан кейін айт намазының уақыты кіргенше Құран оқылып немесе уағыз айтылып, мешітте күтіледі. Содан кейін айт намазы оқылып, айт құтбасы тыңдалады. Дұға етілген соң, айттасуға шығады.