Хадис

Сапарда намаздарды қысқарту

Муатта, 10-кітап · 95 хадис · № 1–95

Мазмұны: 25 бап
  1. 1Тұрғылықты жерде немесе сапарда екі намазды біріктіріп оқу
  2. 2Сапарда жүргенде намаздың оқылуы
  3. 3Намазды қысқартуды қажет ететін жағдайлар
  4. 4Қанша уақыт қалатыны белгісіз жолаушының намаз оқу тәртібі
  5. 5Сапарда қанша күн қалатыны белгілі адамның намаз оқу тәртібі
  6. 6Сапарда жүрген адамның имам болғанда немесе имамға ұйығанда намаз оқу тәртібі
  7. 7Сапарда жүрген адамның сүннеттерді оқуы және көлік үстінде намаз оқу
  8. 8Сәске намазы
  9. 9Сәске намазына қатысты өзге риуаяттар
  10. 10Намаз оқып тұрған адамның алдынан өтуге тыйым салынуы
  11. 11Намаз оқып тұрған адамның алдынан өтуге болатын жағдайлар
  12. 12Сапарда намаз оқығанда алдына сүтре қою (сүтре – намаз оқығанда алдынан өтетіндердің намазға зиянын тигізбеуі үшін алдына қойылатын нәрсе)
  13. 13Намазда сәжде жасайтын жерді түзету
  14. 14Намазда саптарды түзу ұстау
  15. 15Намазда бір қолды екінші қолдың үстіне қою
  16. 16Таң намазында құныт дұғасын оқу
  17. 17Дәретханаға барғысы келіп тұрғанда намаз оқудың мәкруһ болуы
  18. 18Намазды күтудің және намазға барудың артықшылығы
  19. 19Сәждеде қолдарды маңдайдың екі жағына қою
  20. 20Намазда оңға-солға бұрылу және қажет кезде қол шапалақтау
  21. 21Имамға рукуғта үлгеру
  22. 22Намазда Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айту
  23. 23Намаздан бұрын және кейін жасалатын істерге қатысты өзге риуаяттар
  24. 24Намазға қатысты түрлі риуаяттар
  25. 25Намазға ынталандыруға қатысты түрлі риуаяттар

1-бапТұрғылықты жерде немесе сапарда екі намазды біріктіріп оқу

1
Муатта, 10-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) Тәбук жорығында бесін мен екінтіні біріктіріп оқыды1». Яғни екі уақыттың намазын бір уақытта оқыды2.

  1. 1Ибн Абдулбәр «әт-Тақассиде» былай дейді: «Бұл хадистің жеткізу тізбегіне байланысты Яхия ибн Яхияға қарсылық айтылған. Одан мүрсал түрінде риуаят етілген. “Муатта” риуаятшыларының көпшілігі бойынша да ол – мүрсал». Яхиядан әл-Ағраж – Әбу Һурайра тізбегімен мүснад түрінде де риуаят етілген.
  2. 2Егер күн тас төбеден ауғаннан кейін жолға шықса, жәмғу тақдим жасалады, яғни бесін уақытында бесін мен екінті біріктіріліп оқылады. Ал күн тас төбеден аумай тұрып жолға шықса, жәмғу тәхир жасалады, яғни бесін кешіктіріліп, екінті уақытында екінтімен бірге оқылады. Ханафи мәзһабы осы тақырыптағы хадистерді саралап, намаздарды тек екі жағдайда: Арафатта уақфа жасағанда және Мұздалифада уақфа жасағанда біріктіріп оқуды құптаған. Басқа мәзһабтар сапар кезінде де намаздарды біріктіріп оқуға болады деп есептейді.
2
Муатта, 10-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Мұғаз ибн Жәбәл былай деп баяндайды: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Тәбук жорығына шыққан едік. Алла елшісі (с.а.с.) бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды біріктіріп оқитын. Бір күні намазды кешіктірді. Содан кейін бесін мен екінтіні бірге оқып, шатырына кірді. Кейін шығып, ақшам мен құптанды оқыды. Содан соң былай деп бұйырды: “Ертең, иншаллаһ, Тәбук бұлағының басында боласыңдар. Алайда ол жерге сәске болмай жетпейсіңдер. Кім ол жерге менен бұрын жетсе, мен келгенше суға мүлдем тимесін!”

Біз бұлақтың басына барғанымызда, екі адамның бізден бұрын келіп қойғанын көрдік. Бұлақтан болар-болмас қана су сыздықтап ағып жатыр еді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) әлгі екі адамнан: “Суға тидіңдер ме?” – деп сұрады. Олар: “Иә!” – деп жауап берді. Осы жауаптан кейін Алла елшісі (с.а.с.) оларға ашуланып, біраз сөз айтты. Содан кейін сол жерде тұрғандар бұлақтан алақандарымен аз-аздан су алып, бір ыдысқа жинады. Алла елшісі (с.а.с.) сол сумен жүзін, қолдарын жуып, оны қайтадан бұлаққа құйды. Сонда бұлақтағы су көбейді. Халық суға деген мұқтажын толық өтегеннен кейін Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Мұғаз! Егер өмірің жетсе, бұл жерлердің жап-жасыл, жүзімдікті, бау-бақшалы болғанын көресің!” – деп бұйырды1».

  1. 1Муслим, «Фадаил», 43/10.
3
Муатта, 10-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) сапарда асығуы қажет болғанда ақшам мен құптанды жәмғу тәхир жасап оқитын, яғни ақшамды кешіктіріп, құптанмен бірге оқитын1».

  1. 1Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/42 (Зуһри – Сәлим – оның әкесі тізбегімен), 6/44; Бұхари, «Тақсир әс-салат», 18/6. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 201.
4
Муатта, 10-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай деп баяндайды: «Бір жолы Алла елшісі (с.а.с.) қорқатындай жағдай болмаған әрі сапарда да жүрмеген кезде бесін мен екінтіні, ақшам мен құптанды біріктіріп оқыды».

Имам Мәлик бұл жөнінде былай дейді: «Меніңше, Алла елшісінің (с.а.с.) намаздарды осылай біріктіріп оқуы ауа райының жаңбырлы болуына байланысты болса керек».

5
Муатта, 10-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар жаңбырлы күндері беделді кісілердің ақшам мен құптан намазын біріктіріп оқығанын көріп, өзі де соларға ілесіп біріктіріп оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 204.
6
Муатта, 10-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай деп баяндайды: «Сәлим ибн Абдуллаһтан: “Сапарда бесін намазы мен екінті біріктіріліп оқыла ма?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, біріктіріп оқудың ешбір әбестігі жоқ. Арафатта солай жасалып жатқанын көрмейсің бе?” – деп жауап берді».

Әли ибн Хүсейіннен риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) күндіз сапарға шығатын болса, бесін намазы мен екінтіні, ал түнде сапарға шығатын болса, сол түннің ақшамы мен құптанын біріктіріп оқитын1».

  1. 1Ибн Абдулбәр «әт-Тақассиде» былай дейді: «Бұл хадис Мәликтің риуаятында Мұғаз ибн Жәбәл мен Ибн Омардың хадистерімен мағыналық жағынан жалғасады. Бір топ сахабадан мүснад түрінде жеткізілген».

2-бапСапарда жүргенде намаздың оқылуы

7
Муатта, 10-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Халид ибн Әсид әулетінен бір адам былай деп баяндайды: «Абдуллаһ ибн Омардан: “Уа, Әбу Абдуррахман! Құранда қауіп намазы, яғни дұшпаннан қауіп төнуі ықтимал кезде оқылатын намаз және тұрғылықты жерде, яғни өз жерімізде, үйімізде оқитын намаз жайында аяттар бар. Бірақ сапарда жүргенде намаздың қалай оқылатыны жайында аят таба алмаймыз, неге?” – деп сұрадым. Ол былай жауап берді: “Бауырымның баласы! Азиз әрі Жәлил болған Алла біз ештеңе білмей тұрған кезімізде Мұхаммедті (с.а.с.) бізге жіберді. Сондықтан ардақты Пайғамбар қалай істесе, біз де дәл солай істейміз1”».

  1. 1Ибн Абдулбәр «әт-Тақассиде» былай дейді: «Мәлик бұл хадисті Ибн Шиһаб – Халид ибн Әсид әулетінен бір адам тізбегімен риуаят етеді. Ал Ибн Шиһабтың өзге риуаятшылары оны Ибн Шиһаб – Абдуллаһ ибн Әби Бәкір ибн Абдуррахман – Умәйя ибн Абдуллаһ ибн Халид ибн Әсид – Ибн Омар тізбегімен жеткізеді». Нәсәи, «Тақсир әс-салат», 15/1 (Ләйс арқылы); Ибн Мәжа, «Иқамат әс-салат», 5/73.
8
Муатта, 10-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Тұрғылықты жерде болсын, сапарда болсын, бастапқыда барлық намаздар екі-екі рәкағат болып парыз етілді. Кейін сапар намаздары сол күйінде қалды, ал тұрғылықты жердегі намаздардың рәкағат саны арттырылды».

9
Муатта, 10-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай деп баяндайды: «Сәлим ибн Абдуллаһтан: “Әкең сапарда жүргенде ақшам намазын ең кеш қай кезде оқыды?” – деп сұрадым. Сәлим былай деп жауап берді: “Біз Затул-Жәйште болған кезімізде күн батқан еді, әкем ақшам намазын Ақиқта оқыды1”».

  1. 1Затул-Жәйш Мәдинадан 24 миль қашықта орналасқан. Бір миль – 1609 метр. Затул-Жәйш пен Ақиқтың арасы – 12 миль. Бір миль шамамен 4000 зираға немесе 1000 құлашқа тең. Ханафи мәзһабы бойынша, адамның сапарда жолаушы саналып, төрт рәкағаттық намаздарды екі рәкағат етіп оқуы үшін баратын жері шамамен 90 шақырым қашықта болуы керек.

3-бапНамазды қысқартуды қажет ететін жағдайлар

10
Муатта, 10-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар қажылыққа немесе ұмраға бара жатқанда, Зүлхуләйфада намазды қысқартып оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 191. Бұл «намазды қаср ету» деп аталады. Намазды қаср ету дегеніміз – төрт рәкағаттық парыздарды екі рәкағат етіп оқу. Екі және үш рәкағаттық парыздар қысқартылмай, сол күйінде оқылады.
11
Муатта, 10-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ әкесінен жеткізеді: «Мініс көлігімен Риймге барған едім, осы сапарымда намаздарды қысқартып оқыдым».

Имам Мәлик бұл риуаятқа байланысты былай дейді: «Абдуллаһтың осы сапарда жүріп өткен жолы төрт бәрид, яғни 48 миль еді1».

  1. 1Шәйбани, 192. Бір миль – 1609 метр.
12
Муатта, 10-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар мініс көлігімен Затун-нусубқа барған еді, осы сапарында намаздарды қысқартып оқыды».

Имам Мәлик былай деген: «Затун-нусуб пен Мәдинаның арасы төрт бәрид, яғни 48 миль».

13
Муатта, 10-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Ибн Омардан риуаят етіледі: «Ибн Омар Хайбарға барған кезде намаздарды қысқартып оқыған».

Сәлим ибн Абдуллаһтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар Хайбар сапарында күні бойы намаздарды қысқартып оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 190. Хайбар мен Мәдинаның арасы – 69 миль.
14
Муатта, 10-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп баяндайды: «Ибн Омармен бірге бір бәридтік, яғни 12 мильдік сапарда болғанымда, ол намазды қысқартпады1».

  1. 1Шәйбани, 193.
15
Муатта, 10-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Абдуллаһ ибн Аббас Мекке мен Таифтің, Мекке мен Усфанның және Мекке мен Жидданың арасы сияқты қашықтықтағы сапарларында намаздарды қысқартып оқитын1».

Имам Мәлик бұл риуаятқа қатысты былай дейді: «Аталған жерлердің арасы шамамен төрт бәрид, яғни 48 миль. Меніңше де, мұндай қашықтық намаздарды қысқартып оқу үшін әбден жеткілікті».

Имам Мәлик тағы былай дейді: «Сапарға шыққан адам елді мекеннің ең соңғы үйінің тұсынан өтпейінше, намаздарын қысқартып оқи алмайды. Ал өзінің негізгі мекеніне қайтып келе жатқанда, сол мекеннің алғашқы үйіне немесе соған ең жақын жерге жетпейінше, намазын толық, яғни төрт рәкағат етіп оқи алмайды2».

  1. 1Мекке мен Таифтің арасы екі не үш қоналқалық, ал Мекке мен Усфанның арасы үш қоналқалық жол.
  2. 2Ханафи имамдары бойынша, сапарда он бес күн қалатыны белгісіз немесе кемінде он бес күн қалуды ниет етпеген адам намаздарын жолаушы ретінде қысқартып оқиды.

4-бапҚанша уақыт қалатыны белгісіз жолаушының намаз оқу тәртібі

16
Муатта, 10-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Сапарда жүргенде бір жерде қанша уақыт қалатынымды нақты шешпеген болсам, сол жерде он екі түн қалсам да, намаздарымды сапардағыдай қысқартып оқимын1».

  1. 1Шәйбани, 194.
17
Муатта, 10-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп баяндайды: «Ибн Омар Меккеде он түн қонақ болып қалды. Осы аралықта жалғыз өзі оқыған намаздарын қоспағанда, имаммен бірге оқыған кезде оған ұйып, намазды толық оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 196.

5-бапСапарда қанша күн қалатыны белгілі адамның намаз оқу тәртібі

18
Муатта, 10-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: «Сапарда жүрген адам бір жерде төрт түн қалуды ұйғарса, намаздарын мұқим, яғни тұрғылықты адам сияқты толық оқиды».

Имам Мәлик бұл жөнінде былай дейді: «Бұл мәселе бойынша естігендерімнің ішіндегі ең жақсы көзқарас – осы1».

Имам Мәликтен тұтқында қалған адамның намазды қалай оқитыны сұралды. Ол: «Сапарда жүрген кезін қоспағанда, мұқим сияқты оқиды», – деп жауап берді2.

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, бір жерде он бес күн немесе одан да көп қалуды нақты шешкен адамдар намаздарын толық оқиды.
  2. 2Шәйбани, 18.

6-бапСапарда жүрген адамның имам болғанда немесе имамға ұйығанда намаз оқу тәртібі

19
Муатта, 10-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ әкесінен жеткізеді: «Омар ибн Хаттаб Меккеге келген кезде жамағатқа намазды екі рәкағат етіп оқытатын, содан кейін оларға: “Уа, меккеліктер! Сендер намаздарыңды толықтырыңдар, өйткені біз сапардамыз”, – дейтін».

Бұл риуаят Зәйдтің әкесі Әсләм арқылы да жеткізілген1.

  1. 1Шәйбани, 195.
20
Муатта, 10-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп баяндайды: «Абдуллаһ ибн Омар Минада болған кезде имамға ұйыса, намаздарды төрт рәкағат етіп оқитын, ал жалғыз өзі оқыса, екі рәкағат етіп оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 199.
21
Муатта, 10-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Сафуан былай деп баяндайды: «Абдуллаһ ибн Омар Абдуллаһ ибн Сафуанға келген кезінде бізге намаз оқытты. Екі рәкағат оқыған соң өзі намазын аяқтады, ал біз тұрып, намазымызды толықтырдық».

7-бапСапарда жүрген адамның сүннеттерді оқуы және көлік үстінде намаз оқу

22
Муатта, 10-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп баяндайды: «Абдуллаһ ибн Омар сапарда жүргенде парыздан бұрын да, кейін де ешқандай намаз оқымайтын. Тек түнгі намаз бұған кірмейтін. Сондай-ақ ол намазын бір орында тұрып оқумен қатар, бара жатқан бағытына қарай көлігінің үстінде де оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 209.
23
Муатта, 10-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Қасым ибн Мұхаммед, Уруә ибн Зүбәйр және Әбу Бәкір ибн Абдуррахман сапарда жүргенде намаздардың сүннеттерін де оқитын».

Яхия былай деп жеткізеді: «Имам Мәликтен сапарда жүргенде намаздың сүннеттері оқыла ма, оқылмай ма деп сұралды. Ол: “Оқылса да болады, оқылмаса да болады. Оның түнгі немесе күндізгі намаздың сүннеті болуының айырмашылығы жоқ. Естуімше, кейбір ғұламалар сапарда жүргенде сүннеттерді де оқитын болған”, – деді».

24
Муатта, 10-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай деп баяндайды: «Абдуллаһ ибн Омар ұлы Убайдуллаһтың сапарда жүргенде сүннеттерді де оқығанын көретін, бірақ оған ештеңе демейтін».

25
Муатта, 10-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Алла елшісін (с.а.с.) Хайбарға қарай бара жатқанда бір есектің үстінде намаз оқып келе жатқанын көрдім1».

  1. 1Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/35. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 207.
26
Муатта, 10-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) сапарда жүргенде көлігінің үстінде бара жатқан бағытына қарай намаз оқитын1».

Абдуллаһ ибн Динар: «Абдуллаһ ибн Омар да осылай істейтін», – дейді2.

Яхия ибн Сағидтен риуаят етіледі: «Бір сапар кезінде Әнәс ибн Мәликті көрдім. Ол бір есектің үстінде намаз оқып бара жатты. Бағыты құбылаға қарамаған еді. Жүзін жерге қоймастан, ишарамен рукуғ пен сәжде жасайтын3».

  1. 1Бұхари, «Тақсир әс-салат», 18/8; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/37.
  2. 2Сапарда құбылаға бұрылу мүмкін болмайтын мініс көлігінің үстінде намаз оқыған адам көлігінің бара жатқан бағытына қарай оқиды, ал жүрегімен құбылаға бет бұрады. Ибн Сириннің Әнәстан риуаят еткен хадисінде мынадай қосымша бар. Әнәс былай дейді: «Алла елшісінің осылай істегенін көрмесем, мен де бұлай істемес едім».
  3. 3Бұхари, «Тақсир әс-салат», 18/10; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/41. Ибн Сирин: «Әнәс арқылы жеткізілген риуаятта: “Алла елшісінің осылай істегенін көрмесем, мен де бұлай істемес едім”, – деген қосымша бар», – дейді. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 205, 208.

8-бапСәске намазы

27
Муатта, 10-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Әбу Талибтің қызы Үмму Һаниден риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған жылы бір мата бөлігінен тұратын киімге оранып, сегіз рәкағат сәске намазын оқыды».

28
Муатта, 10-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Әбу Талибтің қызы Үмму Һаниден риуаят етіледі: «Мекке алынған жыл еді. Алла елшісінің (с.а.с.) қасына бардым. Ол жуынып, яғни ғұсыл алып жатқан еді. Әзірет Фатима да өзгелер көрмесін деп алдына перде ұстап тұрған болатын. Мен сәлем бердім. Ол: “Келген кім?” – деп сұрады. Мен: “Әбу Талибтің қызы Үмму Һани!” – деп жауап бердім. Сонда ол: “Қош келдің, Үмму Һани!” – деді. Кейін жуынып болған соң, бір мата бөлігінен тұратын киімге оранып, сегіз рәкағат сәске намазын оқыды да, қайтып келді. Мен: “Уа, Расулалла (с.а.с.)! Мен қорғауыма алған Һубәйраның ұлы пәленшені бауырым Әли өлтіретінін айтып жатыр, не істейміз?” – дедім. Алла елшісі (с.а.с.): “Үмму Һани! Сен қорғауыңа алған адамды біз де қорғауымызға аламыз!” – деп бұйырды. Мен баяндаған бұл оқиға дәл сәске уақытында болған еді1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/4; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/82, 83.
29
Муатта, 10-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Мен Алла елшісінің сәске намазын оқығанын көрмедім, бірақ өзім оқимын. Алла елшісі (с.а.с.) кейде өзі жасағысы келген нәпіл ғибадаттарды адамдар тұрақты түрде орындап, кейін ол оларға парыз етіліп қала ма деп қорыққандықтан тәрк ететін1».

  1. 1Бұхари, «Тәһәжжүд», 19/5; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/77. Әзірет Айшаның «Алла елшісінің (с.а.с.) сәске намазын оқығанын көрмедім» деуі оның бұл намазды оқымағанын білдірмейді. Осы және осыған ұқсас хадистер оның сүннет намаздарын парыздай үздіксіз оқымай, парыз деп қабылданбасын деген оймен кейде тәрк еткенін білдіреді.
30
Муатта, 10-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Әзірет Айша сәске намазын сегіз рәкағат етіп оқитын, содан кейін: “Әке-шешем қабірден шығып келсе де, оны тастамаймын!” – дейтін».

9-бапСәске намазына қатысты өзге риуаяттар

31
Муатта, 10-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик былай деп баяндайды: «Әжем Мүләйкә Алла елшісін (с.а.с.) асқа шақырған еді. Тамақтан кейін Алла елшісі (с.а.с.): “Тұрыңдар, сендерге намаз оқытайын!” – деп бұйырды. Мен орнымнан тұрып, әбден ескіргендіктен қарайып кеткен ши төсенішімізді алып, сумен сүрттім. Осыдан кейін Алла елшісі (с.а.с.) де орнынан тұрды. Мен жетім баламен1 бірге оның артына, ал әжем одан да әрірек сапқа тұрдық. Алла елшісі (с.а.с.) бізге екі рәкағат намаз оқытып, кейін кетіп қалды2».

  1. 1Нәуәуи бұл кісінің есімі Дамийя ибн Сағд әл-Химйәри екенін айтқан. Суюти, «Тәнуир әл-хәуәлик», 1/169.
  2. 2Бұхари, «Азан», 10/161; Муслим, «Мәсәжид», 5/266.
32
Муатта, 10-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Убайдуллаһ ибн Абдуллаһ ибн Утбадан риуаят етіледі: «Түскі ыстық уақытта Омар ибн Хаттабтың қасына бардым. Ол сәске намазын оқып жатыр екен. Мен де дереу оның артына тұрдым. Сонда ол мені оң жағына, өзімен қатарластыра жақын тартты. Кейін Ярфа келгенде, мен сәл артқа шегіндім. Әзірет Омардың артында Ярфамен бірге бір сап болып тұрдық».

10-бапНамаз оқып тұрған адамның алдынан өтуге тыйым салынуы

33
Муатта, 10-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: «Сендердің бірің намаз оқып тұрған кезде, алдынан басқа біреудің өтуіне шамасы келгенше кедергі жасасын. Егер ол өтуге табандылық танытса да, оның өтуіне бөгет болсын. Өйткені ол шайтан сияқты әрекет жасап тұр1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/10; Муслим, «Салат», 4/258, 259.
34
Муатта, 10-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Бүср ибн Сағидтен риуаят етіледі: «Зәйд ибн Халид әл-Жүһәни мені Әбу Жүһәймге жіберіп: “Намаз оқып тұрған адамның алдынан өткен адамның жағдайы туралы Алла елшісінен (с.а.с.) не естігенін сұра”, – деді. Әбу Жүһәйм Алла елшісінің (с.а.с.) былай деп бұйырғанын жеткізді: “Егер намаз оқып тұрған адамның алдынан өткен адам мұның күнәсін білгенде, қырық (күн) бойы сол жерде күтіп тұрғаны өзі үшін әлдеқайда қайырлы болатынын түсінер еді”. Рауи Әбун-Надр былай деген: “Бұл хадисті маған жеткізген адам қырық күн деді ме, қырық ай деді ме, әлде қырық жыл деді ме, есімде жоқ1”».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/101; Муслим, «Салат», 4/261.
35
Муатта, 10-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Кәғбул-Ахбардан риуаят етіледі: «Егер намаз оқып тұрған адамның алдынан өткен адам мұның күнәсін білгенде, жер жарылып, соның ішіне кіріп кеткені әлдеқайда жақсы екенін түсінер еді».

36
Муатта, 10-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Абдуллаһ ибн Омар намаз оқып тұрған әйелдердің алдынан өтуді ұнатпайтын».

37
Муатта, 10-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар намаз оқып тұрған адамның алдынан өтпейтін әрі өзі намаз оқып тұрған кезде ешкімнің алдынан өтуіне рұқсат бермейтін».

11-бапНамаз оқып тұрған адамның алдынан өтуге болатын жағдайлар

38
Муатта, 10-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас былай деп баяндайды: «Бір ұрғашы есекке мініп келдім. Ол күндері балиғат жасына жақындап қалған едім. Алла елшісі (с.а.с.) Минада жамағатқа намаз оқытып тұрған болатын. Мен дереу бірнеше саптың алдынан өттім. Есегімнен түсіп, оны жайылсын деп бос қоя бердім. Содан кейін бірден саптардың біріне қосылдым. Бұл әрекетім үшін ешкім маған ештеңе демеді1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/90; Муслим, «Салат», 4/254.
39
Муатта, 10-кітап, № 39
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Сағд ибн Әби Уаққас намаз оқылып жатқанда саптардың алдынан өтетін».

Имам Мәлик былай дейді: «Қамат түсіріліп, имам тәкбір алып намазға тұрғаннан кейін жамағатқа келген адам өтетін жер таба алмаса, саптардың алдынан өтуі жаиз».

40
Муатта, 10-кітап, № 40
Қазақша аудармасы

Әли ибн Әбу Талибтен риуаят етіледі: «Намаз оқып тұрған адамның алдынан біреу өтсе, намаз бұзылмайды».

Абдуллаһ ибн Омар да былай дейтін: «Намаз оқып тұрған адамның алдынан біреу өтсе, бұл оның намазын бұзбайды1».

  1. 1Шәйбани, 275.

12-бапСапарда намаз оқығанда алдына сүтре қою (сүтре – намаз оқығанда алдынан өтетіндердің намазға зиянын тигізбеуі үшін алдына қойылатын нәрсе)

41
Муатта, 10-кітап, № 41
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Абдуллаһ ибн Омар намаз оқығанда мініс көлігін сүтре, яғни алдынан өтетіндерге бөгет етіп қоятын».

Һишам ибн Уруә да әкесінің ашық жерде, далада намаз оқығанда алдына сүтре қоймайтынын жеткізген.

13-бапНамазда сәжде жасайтын жерді түзету

42
Муатта, 10-кітап, № 42
Қазақша аудармасы

Әбу Жағфар әл-Қариден риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омардың сәждеге барған кезде маңдайын қоятын жердегі ұсақ тастарды жайлап түзеткенін көрдім1».

  1. 1Шәйбани, 145.
43
Муатта, 10-кітап, № 43
Қазақша аудармасы

Әбу Зәрден риуаят етіледі: «Сәждеде маңдай тиетін жерді бір қимылмен бір рет түзетуге болады. Алайда мұны істемеу түйелердің ең бағалысы саналатын қызыл түсті түйелерге ие болудан да қайырлы1».

  1. 1Суфиян – Зуһри – Әбул-Ахуас – Әбу Зәр тізбегімен марфуғ түрінде риуаят етілген. Әбу Дәуіт, «Салат», 2/171; Тирмизи, «Салат», 2/162; Нәсәи, «Сәһу», 13/7; Ибн Мәжа, «Иқамат әс-салат», 5/62.

14-бапНамазда саптарды түзу ұстау

44
Муатта, 10-кітап, № 44
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттаб жамағатқа саптарды түзу ұстауды бұйыратын. Саптардың түзелгені жайлы хабар өзіне жеткенде, тәкбір алып намазды бастайтын».

45
Муатта, 10-кітап, № 45
Қазақша аудармасы

Әбу Сүһәйл ибн Мәлик әкесінен жеткізеді: «Осман ибн Аффанмен бірге едім. Намаз үшін қамат түсірілген кезде мен одан өзіме жәрдемақы тағайындауын сұрап тұрған едім. Сол уақытта ол аяғымен жердегі ұсақ тастарды түзетіп тұрды. Кейін саптарды түзету үшін артқа жіберген адамы келіп, саптардың түзу екенін хабарлады. Сонда ол маған: “Сапқа тұр!” – деді де, тәкбір алып намазға тұрды».

15-бапНамазда бір қолды екінші қолдың үстіне қою

46
Муатта, 10-кітап, № 46
Қазақша аудармасы

Абдулкәрим ибн Әби Мухарик әл-Басриден риуаят етіледі: «Мына сөздер алғашқы пайғамбарлардан бері келе жатқан сөздерден: “Ұятың жоқ болса, қалағаныңды істей бер”. Сондай-ақ: “Намазда бір қолды екінші қолдың үстіне қою, яғни оң қолды сол қолдың үстіне қою, ауызашар уақыты келгенде күтпей дереу ауыз ашу және сәресі асын кешіктіріп жеу – сүннет1”».

  1. 1Бірінші бөлігін Әбу Мәсғуд Уқба ибн Амр әл-Ансари әл-Бәдриге дейін жеткізеді. Бұхари, «Азан», 10/87.
47
Муатта, 10-кітап, № 47
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағдтан риуаят етіледі: «Мұсылмандарға намаз оқығанда оң қолдарын сол қолдарының үстіне қою бұйырылатын».

Осы риуаятты жеткізушілердің бірі Әбу Хазим былай дейді: «Сәһл ибн Сағдтың мұны ардақты Пайғамбарға байланыстырғанын нақты білемін1».

  1. 1Шәйбани, 291.

16-бапТаң намазында құныт дұғасын оқу

48
Муатта, 10-кітап, № 48
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар ешбір намазда құныт дұғасын оқымайтын1».

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, құныт дұғасы тек үтір намазының үшінші рәкағатында оқылады; таң намазында құныт дұғасы оқылмайды. Ал шафиғи мәзһабы бойынша, таң намазында да құныт оқылады.

17-бапДәретханаға барғысы келіп тұрғанда намаз оқудың мәкруһ болуы

49
Муатта, 10-кітап, № 49
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруә әкесінен жеткізеді: «Абдуллаһ ибн Әрқам достарына намаз оқытатын. Бір күні тағы да намаз уақыты келгенде, Абдуллаһ дәретханаға барды. Қайтып келген соң Алла елшісінің (с.а.с.) былай деп бұйырғанын жеткізді: “Сендердің бірің дәретханаға баруға мұқтаж болса, намаздан бұрын қажетін өтесін1”».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 1/43; Тирмизи, «Таһарат», 1/108; Нәсәи, «Имамат», 10/51; Ибн Мәжа, «Таһарат», 1/114.
50
Муатта, 10-кітап, № 50
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләмнен риуаят етіледі: Омар ибн Хаттаб былай деп бұйырды: «Сендердің бірің үлкен немесе кіші дәретке баруға мәжбүр болып тұрса, намазға тұрмасын».

18-бапНамазды күтудің және намазға барудың артықшылығы

51
Муатта, 10-кітап, № 51
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Сендердің бірің дәретпен намаз оқыған жерінде отырса, сол уақыт бойы періштелер оған: “Уа, Алла! Оны кешір! Уа, Алла! Оған рақым ет!” – деп дұға етеді1».

Имам Мәлик бұл риуаяттағы «мә ләм юхдис» тіркесін: «Дәретін бұзбаған уақыт бойы», – деп түсіндіреді.

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/36; Муслим, «Мәсәжид», 5/49.
52
Муатта, 10-кітап, № 52
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Сендердің бірің намазын өтегеннен кейін, үйіне қайтуына келесі намазды күтуден басқа еш нәрсе кедергі болмаса, сөйтсе де үйіне бармай, мешітте намазды күтіп отырса, сол күткен уақыты бойы намазда саналады1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/36; Муслим, «Мәсәжид», 5/275. Бұл – жұмысы жоқ адамдарға қатысты. Жұмысы бар адамның намазын оқығаннан кейін мешітте отырғанынан гөрі жұмысына барғаны абзал. Тіпті Әзірет Омар кейде намаздардың арасында мешітке соғып, онда отырғандарды қамшымен жұмысқа жіберетін.
53
Муатта, 10-кітап, № 53
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Абдуррахманнан риуаят етіледі: «Басқа бір нәрсе үшін емес, бір жақсылықты үйрену немесе үйрету үшін ерте не кеш уақытта мешітке барып, содан кейін үйіне қайтқан адам Алла жолында жиһадқа шығып, олжамен қайтқан адам сияқты1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мұның ақыл мен ижтиһад арқылы білінбейтіні анық. Өйткені Алланың үкімі мен беретін сауабы белгісіз мәселе жөнінде кесіп айту болар еді. Демек, бұл сөз ардақты Пайғамбарға тиесілі болып, үкімі жағынан марфуғ саналады. Расында, Суһәйл ибн Сағд оны ардақты Пайғамбардан (с.а.с.) марфуғ түрінде де риуаят еткен».
54
Муатта, 10-кітап, № 54
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Сендердің бірің намазын оқығаннан кейін сол жерде отырса, періштелер ол үшін: “Уа, Алла! Оны кешір! Уа, Алла! Оған рақым ет!” – деп дұға етеді. Намаз оқыған жерінен тұрып, келесі намазды күту үшін мешітте отырса, сол күткен уақыты бойы намазда саналады».

55
Муатта, 10-кітап, № 55
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Сендерге Алла Тағала сол арқылы қателіктерді жойып, дәрежелерді көтеретін нәрсені хабарлайын ба? Суық күндерде дәрет алу, алыс жерлерден жамағатқа бару, намазды оқығаннан кейін келесі уақытты күту. Міне, құлшылыққа шынайы беріктік деген – осы! Міне, құлшылыққа шынайы беріктік деген – осы!1»

  1. 1Муслим, «Таһарат», 5/41. Хадистің соңында «құлшылыққа шынайы беріктік» деп аударылған сөздің арабшасы – «әр-рибаат». Бұл сөз намазды күту үшін мешітте отыру, шекара бойында жау келуі мүмкін маңызды орындарда күзетте тұру және намазды үзбей оқу секілді мағыналарды білдіреді.
56
Муатта, 10-кітап, № 56
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: «Айтылуынша, мұнафықтарды қоспағанда, азан айтылғаннан кейін мешіттен тек оған қайта оралуды ниет еткен адам ғана шыға алады1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мұндай сөзді адам өз пікірімен емес, бір дәлелге сүйеніп айтады». Әбу Һурайрадан сахих тізбекпен марфуғ түрінде де риуаят етілген. Бұхари, «Салат», 8/60; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/70.
57
Муатта, 10-кітап, № 57
Қазақша аудармасы

Әбу Қатада әл-Ансариден риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Сендердің бірің мешітке кірген кезде отырмастан бұрын екі рәкағат намаз, яғни тәхиятул-мәсжид оқысын».

58
Муатта, 10-кітап, № 58
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман Омар ибн Убайдуллаһтың азат еткен құлы Әбу Надрға: «Қожайыныңның мешітке келгенде тәхиятул-мәсжид намазын оқымай отыратынын көріп жүрмін», – деді. Әбу Сәләмә осылай деу арқылы Омар ибн Убайдуллаһтың мешітке кірген кезде екі рәкағат намаз оқымай отыруын құп көрмейтінін білдірді.

Имам Мәлик былай дейді: «Тәхиятул-мәсжид оқу – жақсы амал, бірақ уәжіп емес».

19-бапСәждеде қолдарды маңдайдың екі жағына қою

59
Муатта, 10-кітап, № 59
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар сәждеге барған кезде алақандарын маңдайын қоятын жердің екі жағына қоятын. Бір суық күні оны көрдім. Ол шапанының астынан қолдарын шығарып, сәжде жасағанда ұсақ тастардың үстіне қойған еді».

60
Муатта, 10-кітап, № 60
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Кім маңдайын жерге қойса, қолдарын маңдайының екі жағына қойсын. Маңдайын көтергенде, қолдарын да көтерсін. Өйткені бет сияқты қолдар да сәжде жасайды».

20-бапНамазда оңға-солға бұрылу және қажет кезде қол шапалақтау

61
Муатта, 10-кітап, № 61
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд әс-Сағиди былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) Амр ибн Ауф ұлдарының арасын жарастыру үшін кеткен еді. Намаз уақыты жақындағанда азаншы Әзірет Әбу Бәкірден: “Имам боласыз ба, қамат түсірейін бе?” – деп сұрады. Ол: “Иә”, – деді. Әзірет Әбу Бәкір алға шығып, жамағат намаз оқып тұрған кезде Алла елшісі (с.а.с.) келді де, жамағатқа қосылып, бір сапқа тұрды. Сонда жамағат ардақты Пайғамбардың келгенін білдіру үшін қол шапалақтай бастады. Бірақ Әзірет Әбу Бәкір намазда басын бұрып қарамайтын. Ол әуелде жамағаттың белгісіне мән бермеді. Жамағат қол шапалақтауды көбейткен соң, ол басын бұрып, ардақты Пайғамбарды көрді.

Сонда Алла елшісі (с.а.с.) оған жалғастыра беруді ишарамен білдірді. Жамағаттың осылай белгі бергенінен кейін Әбу Бәкір қолдарын көтеріп, Алла елшісінің өзіне жалғастыруды бұйырғаны үшін Аллаға мадақ айтты да, кейін шегініп, арттағы сапқа кірді. Бұл жолы Алла елшісі (с.а.с.) алға шығып, намазды оқытып аяқтады.

Намаздан кейін: “Уа, Әбу Бәкір! Жалғастыруды бұйырғаныма қарамастан, неге артқа шегіндің?” – деп бұйырды. Әбу Бәкір: “Алла елшісінің (с.а.с.) алдында Әбу Қухафа ұлының намаз оқытқаны дұрыс болмас!” – деп жауап бергенде, ардақты Пайғамбар: “Көбіңнің намазда қол шапалақтағандарыңды көрдім. Мұндай жағдайда ‘Субханаллаһ’ деңдер. Осылайша намаздағы адамға айтқыларың келген нәрсені түсіндірген боласыңдар. Намазда қол шапалақтау – әйелдерге тән әрекет”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/48; Муслим, «Салат», 4/102.
62
Муатта, 10-кітап, № 62
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Ибн Омар намазда тұрған кезде ешқашан оңға-солға қарамайтын».

63
Муатта, 10-кітап, № 63
Қазақша аудармасы

Әбу Жағфар әл-Қариден риуаят етіледі: «Намаз оқып тұрған едім, Абдуллаһ ибн Омар менің артымда екен, оны мүлде байқамадым. Намаз бітпесе де, оңға-солға бұрылып қарай бердім. Сонда ол маған ескерту жасады».

21-бапИмамға рукуғта үлгеру

64
Муатта, 10-кітап, № 64
Қазақша аудармасы

Хунәйфтің немересі Әбу Үмәмә ибн Сәһлден риуаят етіледі: «Зәйд ибн Сәбит мешітке келгенде, жамағат рукуғта еді. Сонда ол да рукуғқа барды, кейін аяқтарын сүйретіп жылжып, сапқа кірді».

65
Муатта, 10-кітап, № 65
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Маған Абдуллаһ ибн Мәсғудтың жамағатқа рукуғта үлгеру үшін аяқтарын сүйретіп, сапқа дейін барғаны риуаят етілді».

22-бапНамазда Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айту

66
Муатта, 10-кітап, № 66
Қазақша аудармасы

Әбу Хумәйд әс-Сағиди былай деп баяндайды: «Сахабалар ардақты Пайғамбардан: “Уа, Расулалла! Саған қалай салауат айтамыз?” – деп сұрады. Ол былай деп бұйырды: “‘Аллаһым! Ибраһимнің (а.с.) әулетіне рақым еткеніңдей, Мұхаммедке (а.с.), оның жұбайларына және ұрпағына да рақым ет. Ибраһимнің (а.с.) әулетіне қайыр мен береке бергеніңдей, Мұхаммедке (а.с.), оның жұбайларына және ұрпағына да қайыр мен береке бер. Расында, Сен – мадаққа ең лайықты әрі ең ұлықсың’, – деңдер1”».

  1. 1Бұхари, «Әнбия», 60/10; Муслим, «Салат», 4/69. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 292.
67
Муатта, 10-кітап, № 67
Қазақша аудармасы

Әбу Мәсғуд әл-Ансари былай деп баяндайды: «Сағд ибн Убаданың мәжілісінде отырған едік. Алла елшісі (с.а.с.) келді. Бәшир ибн Сағд одан: “Уа, Расулалла! Алла саған салауат айтуымызды бұйырады. Саған қалай салауат айтайық?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) жауап бермей, үнсіз қалды. Сонда біз ішімізден: “Әттең, сұрамағанда ғой”, – деп ойладық. Кейін Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырды: “‘Аллаһым! Ибраһимге рақым еткеніңдей, Мұхаммедке және оның әулетіне де рақым ет. Дүниеде Ибраһимнің әулетіне қайыр мен береке бергеніңдей, Мұхаммедтің әулетіне де қайыр мен береке бер. Расында, Сен – мадаққа лайықты әрі ең ұлықсың’, – деңдер. Салауат – осы. Ал сәлем болса, ол өздерің білетіндей1”».

  1. 1Муслим, «Салат», 4/65. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 293. Ардақты Елші «сәлем өздерің білетіндей» деу арқылы намазда, «Тәхиятта» оқитын сәлемді меңзеген. Ол: «Әс-сәләму ғаләйкә әйюһән-нәбийю уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ».
68
Муатта, 10-кітап, № 68
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динардан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омарды көрдім. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) қабірінің басында тұрып, оған салауат айтып, Әбу Бәкір мен Омарға да дұға етіп тұрды».

23-бапНамаздан бұрын және кейін жасалатын істерге қатысты өзге риуаяттар

69
Муатта, 10-кітап, № 69
Қазақша аудармасы

Ибн Омардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) үйінде бесін намазының парызынан бұрын және кейін екі-екі рәкағаттан, ақшам намазының парызынан кейін үйінде екі рәкағат сүннет оқитын. Құптан намазының парызынан кейін де екі рәкағат сүннет оқитын. Жұма намазының парызынан кейін мешітте ешқандай сүннет оқымайтын. Бөлмесіне қайтып, сол жерде екі рәкағат намаз оқитын1».

  1. 1Бұхари, «Жұма», 11/39; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/104.
70
Муатта, 10-кітап, № 70
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Сендер мен намазда тек құбыла тарапын ғана көремін деп ойлайсыңдар ма? Аллаға ант етемін, сендердің хушуғтарың да, рукуғтарың да маған жасырын емес. Артымда не істеп тұрғандарыңды да анық көремін1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/40; Муслим, «Салат», 4/109.
71
Муатта, 10-кітап, № 71
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) Құба мешітіне кейде жаяу, кейде көлікпен баратын1».

  1. 1Бұхари, «Салат фи мәсжид Мәккә уәл-Мәдина», 20/4; Муслим, «Хаж», 15/97.
72
Муатта, 10-кітап, № 72
Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Мүррадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) ішімдік ішкендер мен ұрлық жасағандар туралы аяттар түспей тұрып: “Ішімдік ішкен, ұрлық жасаған және зина еткен адам жайында не ойлайсыңдар?” – деп сұрады. Сахабалар: “Алла және Оның елшісі жақсырақ біледі”, – деп жауап берді. Сонда ол былай деп бұйырды: “Бұлардың бәрі – күнә, бәрінің де жазасы бар. Ұрлықтың ең жаманы – намаздан ұрлаған адамның ұрлығы”. Осы сөзден кейін сахабалар: “Уа, Расулалла (с.а.с.)! Адам намаздан қалай ұрлайды?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Рукуғ пен сәждені тағдил әрканға сай орындамай, асығыс жасау арқылы”, – деп жауап берді1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Нұғман ибн Мүррадан мүрсал түрінде риуаят етілгені жөнінде Мәликтің риуаятшылары арасында қайшылық жоқ». Бұл – Әбу Һурайра мен Әбу Сағид арқылы жеткен сахих-мүснад хадис.
73
Муатта, 10-кітап, № 73
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруәдан жеткізеді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Намаздарыңның кейбірін, яғни нәпіл намаздарды үйлеріңде оқыңдар1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Барлығының пікірі бойынша, бұл хадис “Муаттада” мүрсал түрінде берілген. Нәфиғ оны Ибн Омар арқылы риуаят еткен». Бұхари, «Салат», 8/52; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/208.
74
Муатта, 10-кітап, № 74
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Науқас адам сәжде жасай алмайтын жағдайда болса, маңдайына тигізу үшін бір нәрсені көтермейді. Сәждесін басымен ишара жасап орындайды».

75
Муатта, 10-кітап, № 75
Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Әби Абдуррахманнан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар мешітке келген кезде жамағат намазды оқып қойған еді. Сонда ол ешқандай сүннет оқымай, дереу парыздан бастады1».

  1. 1Абдуллаһ ибн Омардың сүннетті оқымай, парыздан бастауы сүннетті кейде тәрк етуге болатынын білдіру үшін немесе уақыт тар болғандықтан болса керек. Әйтпесе ардақты сахабалар барлық сүннеттерді мұқият әрі ықыласпен орындайтын.
76
Муатта, 10-кітап, № 76
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар намаз оқып тұрған бір адамның жанынан өтіп бара жатып, оған сәлем берді. Әлгі адам: “Уағалейкум сәләм”, – деп сәлемін алды. Сонда Абдуллаһ ибн Омар әлгі адамға бұрылып былай деді: “Намаз оқып тұрған кезде сендердің біріңе сәлем берілсе, ‘Уағалейкум сәләм’ деп жауап қайтармасын, қол ишарасымен жауап берсін1”».

  1. 1Бұл Исламның алғашқы кезінде болған. Кейін намаз оқып тұрған адамға сәлем беруге және оның сәлемді сөзбен алуына тыйым салынған.
77
Муатта, 10-кітап, № 77
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Кім бір намазын оқуды ұмытып, оны имамға ұйып намаз оқып тұрған кезде ғана есіне түсірсе, имам сәлем бергеннен кейін ұмытқан намазын оқысын. Содан кейін имаммен бірге оқыған намазын қайта оқысын».

78
Муатта, 10-кітап, № 78
Қазақша аудармасы

Уасиғ ибн Хаббан былай деп баяндайды: «Намаз оқып тұрған едім, Абдуллаһ ибн Омар арқасын құбыла қабырғасына сүйеп тұрған болатын. Намазымды аяқтаған соң сол жағымнан бұрылып, оның қасына бардым. Ол: “Неге оң жағыңнан бұрылмадың?” – деп сұрады. Мен: “Сізді көрдім, сондықтан бұрылдым”, – дедім. Ол: “Жақсы істедің. Кейбіреулер намазды аяқтаған соң оң жағынан бұрылсын дейді. Сен намаз оқығанда қалаған жағыңнан бұрыл: қаласаң оң жағыңнан бұрыл, қаласаң сол жағыңнан бұрыл1”, – деді».

  1. 1Бұл хадисте айтылған «бұрылу» дегеніміз – имамның немесе жамағаттағы адамның намазды аяқтаған соң жүзін жамағатқа қарай бұруы. Осы хадиске сәйкес, оңға да, солға да бұрылуға болады. Алайда осы тақырыптағы өзге хадистерге қарағанда, оң жақтан бұрылудың абзал екені аңғарылады.
79
Муатта, 10-кітап, № 79
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруәнің әкесі мұһажирлерден бір кісіден жеткізеді: «Абдуллаһ ибн Амр ибн Астан: “Түйе қорада намаз оқи аламын ба?” – деп сұрадым. Абдуллаһ: “Оқи алмайсың! Бірақ қой қорада оқи аласың”, – деп жауап берді1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мұндай айырмашылық ақылмен, яғни жеке пікірмен анықталмайды». Әл-Бәрадан марфуғ түрінде риуаят етілген. Әбу Дәуіт, «Салат», 2/25.
80
Муатта, 10-кітап, № 80
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: Ол: «Әр рәкағатында отыру (қағда) жасалатын қай намаз?» – деп сұрап, артынан: «Ол – бір рәкағатына үлгермей қалған ақшам намазының парызы. Намаздың жалпы сүннет тәртібі де – осы», – деп өзі жауап берген.

24-бапНамазға қатысты түрлі риуаяттар

81
Муатта, 10-кітап, № 81
Қазақша аудармасы

Әбу Қатада әл-Ансариден риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) қызы Зейнептің Әбу әл-Ас ибн Рабиға ибн Абдишәмстен туған қызы Үмәмәні намаз оқып жатқанда иығына көтеретін, сәжде жасағанда оны жерге қоятын, қиямға тұрған кезде қайта көтеретін1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/106; Муслим, «Мәсәжид», 5/41.
82
Муатта, 10-кітап, № 82
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Періштелердің бір тобы түнде, бір тобы күндіз араларыңда болады. Екі топ екінті және таң намаздарында бір-біріне міндеттерін тапсырады. Кейін түнде міндет атқарғандар қайтқанда, Алла Тағала өзі өте жақсы білсе де, олардан: “Құлдарымды қандай күйде қалдырдыңдар?” – деп сұрайды. Олар: “Біз оларды қалдырғанда намаз оқып жатыр еді. Оларға барғанымызда да намаз оқып жатқан еді”, – деп жауап береді1».

  1. 1Бұхари, «Мәуақит әс-салат», 9/16; Муслим, «Мәсәжид», 5/210.
83
Муатта, 10-кітап, № 83
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) сырқаты ауырлаған кезде: “Әбу Бәкірге хабар беріңдер, жамағатқа намазды оқытсын”, – деп бұйырды. Сонда мен: “Уа, Расулалла! Әбу Бәкір сіздің орныңызға өткен кезде жылағаннан дауысын жамағатқа естірте алмайды. Сондықтан бұл міндетті Әзірет Омарға тапсырыңыз, сол оқытсын”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.) қайтадан: “Әбу Бәкірге айтыңдар, жамағатқа намазды оқытсын”, – деп бұйырды. Бұл жолы мен Хафсаға: “Алла елшісіне (с.а.с.): ‘Әбу Бәкір сіздің орныңызға өткен кезде жылағаннан дауысын естірте алмайды. Жамағатқа намазды Омар оқытсын деп айтыңыз’, – деп айт”, – дедім. Хафса мұны айтқан кезде Алла елшісі (с.а.с.): “Сендер, әйелдер, Юсуфтың оқиғасындағы әйелдер сияқтысыңдар! Әбу Бәкірге айтыңдар, жамағатқа намазды оқытсын!” – деп бұйырды. Осы ескертуді естіген Хафса маған: “Бәрі сенің кесіріңнен болды!” – деп реніш білдірді1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/46.
84
Муатта, 10-кітап, № 84
Қазақша аудармасы

Ади ибн Хиярдың ұлы Убайдуллаһтан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) бір топ жамағаттың арасында отырған еді. Бір адам келіп, оған жасырын бір нәрселер айтты. Алайда Алла елшісі (с.а.с.) бізге айтқанға дейін ол адамның не дегенін естіген жоқ едік. Сөйтсек, әлгі адам мұнафықтардың бірін өлтіруге рұқсат сұрапты. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) әлгі адамнан ашық түрде: “Сен өлтіргің келген адам Алладан басқа тәңір жоқ екеніне және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ете ме?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Иә, куәлік береді, бірақ оны шынайы айтпайды”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) қайтадан: “Намаз оқи ма?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Иә, бірақ шынайы емес...” – деп жауап берді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Мұндай адамдарды өлтіруге Алла Тағала тыйым салған”, – деп бұйырды1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «“Муаттаның” өзге риуаятшылары да мұны осылай мүрсал түрінде жеткізген. Хадисті жеткізуші Алла елшісін (с.а.с.) көрмеген».
85
Муатта, 10-кітап, № 85
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясардан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп дұға етті: «Уа, Алла! Қабірімді ғибадат орнына айналдыртпа! Пайғамбарларының қабірін мешітке айналдырған үмбетке Алланың қаһары қатты болады1».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Бұл хадистің Мәликтен мүрсал түрінде жеткені жөнінде қайшылық айтылмаған».
86
Муатта, 10-кітап, № 86
Қазақша аудармасы

Махмуд ибн әр-Рабиғ әл-Ансариден риуаят етіледі: «Итбан ибн Мәлик зағип еді әрі ол өз қауымына намаз оқытатын. Бір күні Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Кейде түн тас қараңғы болады, кейде жаңбыр жауып, сел жүреді. Мен зағип адаммын. Уа, Расулалла! Үйіме келіп, береке тілеу үшін бір жерінде намаз оқыңыз, мен ол жерді намаз оқитын орын етіп алайын!” – деп өтінді. Сонда ардақты Пайғамбар әлгі кісінің үйіне келіп: “Қай жерде намаз оқығанымды қалайсың?” – деп сұрады. Итбан үйдің бір бұрышын көрсетті, Алла елшісі (с.а.с.) сол жерде намаз оқыды1».

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/46; Муслим, «Мәсәжид», 5/263.
87
Муатта, 10-кітап, № 87
Қазақша аудармасы

Аббад ибн Тәмим көкесінен жеткізеді: «Мен Алла елшісін (с.а.с.) мешітте шалқасынан жатып, бір аяғын екінші аяғының үстіне қойған күйде көрдім1».

Сағид ибн Мусәйяб та бұл мәселеде: «Омар ибн Хаттаб пен Осман ибн Аффан да дәл осылай істейтін», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Салат», 8/85; Муслим, «әл-Либас уәз-зинат», 37/75.
88
Муатта, 10-кітап, № 88
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай деп баяндайды: «Абдуллаһ ибн Мәсғуд бір адамға былай деді: “Сен фақиһі көп, қарилары аз, Құранның үкімдерімен амал етілетін, бірақ оқығанда әріптерінің ақысы толық берілмейтін, сұраушысы аз, берушісі көп, Пайғамбарымыз бұйырғандай намазы ұзартылып, құтбасы қысқа ұсталатын және амалдар қалаулардан жоғары қойылатын заманда өмір сүріп жатырсың. Сондай бір заман келеді: фақиһі аз, бірақ қарилары көп болады; Құран дұрыс оқылады, бірақ үкімдерімен амал етілмейді; сұраушылар көбейеді, ал берушілер азаяды; құтбалар ұзартылып, намаз тез оқылады; адамның қалаулары амалдардан жоғары қойылады”».

89
Муатта, 10-кітап, № 89
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен риуаят етіледі: «Естуімше, құлдың амалдарының ішінде ең алдымен намазына қаралады. Егер намазынан қабыл болғандары бар болса, басқа амалдарына да қаралады. Ал егер намазы қабыл болмаса, басқа ешбір амалына қаралмайды екен1».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 2/145; Тирмизи, «Салат», 2/188; Нәсәи, «Салат», 5/9; Ибн Мәжа, «Иқамат әс-салат», 5/202.
90
Муатта, 10-кітап, № 90
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісіне (с.а.с.) ең ұнамды амал – тұрақты түрде жасалатын амал1».

  1. 1Бұхари, «Риқақ», 81/18.
91
Муатта, 10-кітап, № 91
Қазақша аудармасы

Амир әкесі Сағд ибн Әби Уаққастан жеткізеді: «Екі ағайынды бар еді. Олардың бірі екіншісінен қырық күн бұрын қайтыс болды. Бірде Алла елшісінің (с.а.с.) құзырында сол бауырлардың алғашқы қайтыс болғанының жақсы қасиеттері туралы айтылып жатты. Ардақты Пайғамбар: “Кейін қайтыс болғаны мұсылман емес пе еді?” – деп сұрады. Оған: “Мұсылман еді, уа, Расулалла! Жаман адам да емес еді”, – деп жауап берілді. Сонда ол: “Намазының оған қандай дәрежелер әпергенін білесіңдер ме? Намаз – есіктеріңнің алдынан ағып жатқан үлкен әрі суы тұщы өзен сияқты. Адам күніне бес рет осы өзенге түсіп жуынса, бойында кір қала ма деп ойлайсыңдар? Шүбәсіз, намазының оған қандай дәрежелер әпергенін сендер біле алмайсыңдар”, – деп бұйырды1».

  1. 1Соңғы бөлігі Әбу Һурайрадан марфуғ түрінде риуаят етілген. Бұхари, «Мәуақит әс-салат», 9/6; Муслим, «Мәсәжид», 5/283.
92
Муатта, 10-кітап, № 92
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай деп баяндайды: «Естуімше, Ата ибн Ясар мешітте отырған кезде кезбе саудагерлер оның қасынан өтсе, олардан: “Не заттарың бар, не қалайсыңдар?” – деп сұрайды екен. Олар өздерінің саудагер екенін айтқанда: “Сендер дүние базарына барыңдар, бұл – ақырет базары!” – деп жауап беретін көрінеді».

93
Муатта, 10-кітап, № 93
Қазақша аудармасы

Мәликтен риуаят етіледі: «Естуімше, Омар ибн Хаттаб мешіттің бір шетінде “Бутайха” деп аталатын арнайы орын жасатқаннан кейін: “Кім әңгімелескісі, өлең айтқысы немесе даусын көтеріп сөйлегісі келсе, осы жерге шықсын”, – деген екен».

25-бапНамазға ынталандыруға қатысты түрлі риуаяттар

94
Муатта, 10-кітап, № 94
Қазақша аудармасы

Талха ибн Убайдуллаһ былай деп баяндайды: «Нәжд халқынан шашы-басы ұйпа-тұйпа бір адам ардақты Пайғамбарға келді. Ол дауысын қатты көтеріп сөйлеп тұр еді, бірақ не айтып жатқанын түсінбедік. Жақындаған кезде Исламның шарттары не екенін сұрап тұрғанын аңғардық. Алла елшісі (с.а.с.): “Күніне бес уақыт намаз!” – деп бұйырды. Әлгі адам: “Олардан басқа оқуым керек намаз бар ма?” – деп сұрады. Пайғамбарымыз: “Парыз болғаны – осы. Қаласаң, нәпіл де оқи аласың”, – деді.

Кейін Алла елшісі (с.а.с.): “Рамазанда ораза ұстау”, – деп бұйырды. Әлгі адам: “Маған парыз болған бұдан басқа ораза бар ма?” – дегенде, Пайғамбарымыз: “Жоқ, қаласаң, нәпіл де ұстай аласың”, – деп бұйырды. Алла елшісі (с.а.с.): “Сондай-ақ зекет бар”, – деді. Әлгі адам: “Маған зекеттен басқа парыз ретінде беруім керек нәрсе бар ма?” – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: “Жоқ, бірақ қаласаң, садақа бере аласың”, – деп бұйырды. Осыдан кейін әлгі адам бұрылып кетіп бара жатып: “Уаллаһи, осы айтқандарыңнан артық та, кем де істемеймін”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оның бұл сөзін естігенде: “Сөзінде тұрса, құтылар”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Иман», 2/34; Муслим, 3/8; Шафиғи, «Рисала», № 344.
95
Муатта, 10-кітап, № 95
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: «Сендердің бірің ұйықтаған кезде шайтан оның басына үш түйін түйеді. Әр түйін оның түні бойы терең ұйқыда жатуына себеп болады. Егер түнде оянып, Алланы зікір етсе, түйіндердің бірі шешіледі. Тұрып дәрет алса, екіншісі шешіледі. Намаз да оқыса, үшінші түйін шешіліп, сергек болып, көңілі жайланады. Ал егер оянбай, Алланы зікір етпесе, дәрет алмаса және намаз оқымаса, жалқау әрі дел-сал күйде таңды қарсы алады1».

  1. 1Бұхари, «Тәһәжжүд», 19/12; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/207.