Қазақша аудармасы
Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Әбу Убайда ибн Жәррахқа, Әбу Талха әл-Ансариге және Үбәй ибн Кағбқа (р.а.) шала піскен құрма мен кепкен құрмадан жасалған ішімдік құйып беріп жүрген едім. Сол кезде бір адам келіп: “Шарап харам етілді”, – деді. Әбу Талха: “Уа, Әнес! Тұр да, мына шарап құмырасын сындыр”, – деді. Мен дереу тұрып, келсапты алдым да, құмыраны ұрдым. Ол күл-талқан болды»1.
- 1Бұхари, «Әшриба», 74/3; Муслим, «Әшриба», 36/1, № 9; Шәйбани, 716. Бұл хадис сахабалардың Исламға, Құран мен сүннетке қаншалықты берік болғанын айқын көрсетеді. Әнес ибн Мәликтің өзге риуаяттарына қарағанда, ішімдіктің біржола харам етілгенін білдіретін «Мәида» сүресінің 90-аяты түскенде, Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинада жаршыларға осыны жариялатқан. Мұны естіген сахабалар ішімдік қашан және неліктен харам болды деп сұрастырып жатпастан, үйлеріндегі ішімдікті дереу көшеге төккен. Тіпті төгілген шараптың көптігі сонша, Мәдина көшелерімен селдей аққан. Бұл олардың иманының қуатын, Алла мен Оның елшісіне деген беріктігін көрсетеді. Сонымен бірге, ішімдік мұншалықты көп жерде оны ішетіндер де, оған әбден әуестенгендер де аз болмағаны байқалады. Соған қарамастан, харам етілгенін естіген бойда бәрінің бірден тастауы олардың Исламға беріктігін, Алла елшісіне (с.а.с.) қалтқысыз бойсұнғанын және имандарының күшін көрсетеді.