Қазақша аудармасы
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Адамдар алғашқы піскен жемісті Алла елшісіне (с.а.с.) әкелетін. Ол жемісті қолына алып: “Уа, Алла! Жемістерімізді біз үшін берекелі ет. Мәдинамызға құт-береке дарыт. Сағымыз бен мүддімізге береке бер. Уа, Алла! Ибраһим – Сенің құлың, халилің, яғни досың әрі пайғамбарың. Мен де Сенің құлың әрі пайғамбарыңмын. Ол Мекке үшін Саған дұға етті. Мен де Мәдина үшін дұға етемін. Оның Мекке үшін Сенен тілегеніндей береке тілеймін әрі соған тағы бір есесін қосып беруіңді сұраймын”, – деп дұға ететін. Содан кейін өзі көрген ең кішкентай баланы шақырып, жемісті соған беретін»1.
- 1Муслим, «Хаж», 15/85, № 483. Сахабалар алғашқы піскен жемісті Пайғамбарымызға (с.а.с.) оның дұғасын алу үшін әкелетін. Әзірет Ибраһимнің (а.с.) Мекке үшін жасаған дұғасы Құран Кәрімнің «Ибраһим» сүресінің 35–37-аяттарында баяндалады. Бұл дұға Исмайыл мен оның анасы Хажардың қасиетті Үйдің маңына қоныстандырылуына қатысты. Аяттардың мағынасы: «Кезінде Ибраһим былай дұға еткен еді: “Уа, Раббым! Мына елді мекенді бейбіт мекен еткейсің! Мені де, бала-шағамды да пұттарға табынудан аулақ қылғайсың!” ... “Уа, Раббым! Мен ұрпағымның бір қатарын намазды оқысын деп қасиетті Үйіңнің маңына егін өспейтін бір алқапқа орнықтырдым. Енді сол ұрпағыма адамдардың бір бөлігінің көңілін түсіргейсің һәм Өзіңе шүкіршілік етуі үшін оларға кейбір жемістерді ризық етіп бергейсің!”». Хадистің соңғы бөлігінен Алла елшісінің (с.а.с.) балаларға деген мейірімі мен жанашырлығы, оларды қуантуға ерекше мән бергені көрінеді.